05.01.2026, 09:58 16716

Президент тапсырмасы бойынша Павлодар әуежайын реконструкциялау қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылады

Президент тапсырмасы бойынша Павлодар әуежайын реконструкциялау қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылады
Сурет: primeminister.kz
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде Павлодар облысында әуежайды жаңғыртуға кірісіп жатыр. Жоба жасанды ұшу-қону жолағын, бұру-қозғалу жолын, перронды реконструкциялау жұмыстарын қамтиды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Жоба Арнаулы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылады. Үкімет бұл мақсатқа 9,3 млрд теңге бөлді.

Жобаны жүзеге асыру ұшу салмағы бойынша шектеусіз әуе кемелерінің заманауи түрлерін қабылдауға мүмкіндік береді. Павлодардың географиялық орналасуын ескерсек, бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырады. Инфрақұрылымды жаңарту сонымен бірге, облыстың көлік қолжетімділігін жақсартуға, жолаушылар ағынын арттыруға және іскерлік белсенділікті дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.

Жобаның негізгі мақсаты - әуежай параметрлерін халықаралық ICAO стандарттарының талаптарына сәйкестендіру.

Жоспарлы жұмыстың негізгі түрлеріне мыналар жатады:

  • Ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін реконструкциялау және кеңейту;
  • Бұру-қозғалу жолы мен перронды жаңарту;
  • Энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту;
  • Периметрі бойынша жарықпен сигнал беру жабдықтары мен бейнебақылау жүйесін орнату.

Жөндеу жұмыстарын жүргізу және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты әуежай қызметі өткен жылдың сәуір айынан бері уақытша тоқтатылған. Осы уақытқа дейін әуе айлағы Астана және Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстерге қызмет көрсетті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны