24.10.2008, 10:13 1709

Президент тіл тақырыбында әрқилы арандатушылық әңгімелерді доғарып, "Тілдер туралы" заң нормаларын мүлтіксіз орындауға шақырады (толық нұсқасы)

Президент тіл тақырыбында әрқилы арандатушылық әңгімелерді доғарып, "Тілдер туралы" заң нормаларын мүлтіксіз орындауға шақырады (толық нұсқасы)

Астана. 23 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Президент Нұрсұлтан Назарбаев тіл тақырыбында әрқилы арандатушылық әңгімелерді доғарып, "Тілдер туралы" заң нормаларын мүлтіксіз орындауға шақырады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 14-ші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше осылай мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты барлық мәселелерді азаматтардың құқықтарына қысым жасамай, қатаң түрде Конституцияға және заңдарға сәйкес шешу қажет. "Тілдер туралы" заң бар. Оны нақты орындау қажет", деді бүгін ол.

"Бүгін сондай-ақ тіл тақырыбында әрқилы арандатушылық әңгімелерді доғару қажеттігін атап өткім келеді. Егер кімде-кімді қазақ тілінің тағдыры шын алаңдайтын болса, ақшасын салып, нақты жобаларды жүзеге асырсын. Бұл үшін менің бастамам бойынша қазақ тілін дамыту қоры құрылды", деді мемлекет басшысы.

"Бізге қазіргі таңда тілді оқытатын тиімді әдістемелер, даярлығы жоғары мұғалімдер, жақсы кітаптар, қызықты тележобалар қажет. Бізде тіпті қазақ тіліндегі тартымды мультфильмдер де жоқ. Қазіргі таңда осы бағыттарда жұмыс істеу керек", деп қосты президент.

"Бұдан кейінгі кезеңде Қазақстандағы қазақ тілінің рөлі күшейе бермек. Ирине, орыс, ағылшын және өзге тілдерді дамыту мәселесін де қолдайтын боламыз. Мемлекеттік тілді ең алдымен біздің балаларымыз білулері қажет",- деді Елбасы.

Президент биылғы жылы мемлекеттік тілді дамытуға республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге бөлінгендігін, 2005 жылы қаржы көлемі небәрі 133 млн. теңгені құрағандығын мысалға келтірді. Қазір мектептерде қазақ тілін 25 мың өзге ұлттың балалары оқып-үйренуде. Балабақшалардағы қазақ топтарында өзге ұлттардан тұратын 10 мың бала тәрбие алуда. Жалпы алғанда, қазақстандық оқушылардың 60 пайызы қазақ тілінде білім алады. 1991 жылдары бұл көрсеткіш 30 пайыз төңірегінде болатын.

"Менің бастамам бойынша Мемлекеттік тілді дамыту қоры құрылғаны белгілі. Қазір бізге мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытатын әдістер қажет. Бізде қазақ тіліндегі жақсы мультфильмдер де жоқ. Бұл тұрғыда жұмыс істеуіміз керек", деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы Ассамблеяның мемлекеттік тілді оқып-үйрену қажеттілігін насихаттау бағытында да белсенділік танытуы керектігіне айрықша мән берді. Бүкіл дүние жүзінде үлкен тасқынмен келген миграциялық "қысымды" дәл Қазақстан секілді ешбір мемлекет бастан өткерген емес. Ал бұл 70-ші жылдары өзінің тарихи Отанында қазақ ұлты санының аз болуына әкеліп соқты. Қазақ жеріне табан тіреген өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынас орнату үшін қазақтардың басына орыс тілін меңгерудің қажеттілігі туды. Оның үстіне, кеңестік кезеңнің сол кездегі саясаты да осыған алып келді. Орыс тілінсіз жұмыс табу қиын болды. Тарих пен мәдениет те сол кездегі идеологияның қысымында еді. Бұл қазақ тілі мен мәдениетіне өз әсерін тигізбей қоймады. Сол кезеңдегі қатал тоталитарлық биліктің ұстанған саясаты, міне, осындай көрініске алып келді.

Академик Дмитрий Лихачевтің егер бір халықты өз тілі мен мәдениетінен алшақтатсақ, онда ондай халық та жоқ дегені бар еді. ХХ ғасырдың аяғында қазақ халқының тілі мен мәдениеті жойылып, құрып кетуге аз қалды. Сол себепті, ұлтымыздың өзінің жоғын қайта түгендеу жолындағы батыл ұмтылысы - заңды құбылыс. Бұған басқа этнос өкілдері де түсінушілікпен қарап, қолдайтындығына көз жеткізіп келеміз. Мен мұндай қолдауды бір кезде осында қоныс аударып, Қазақстанды өз Отаны ретінде бағалайтындардың алғысы деп түсінемін. Екіншіден, бұл Қазақстан жеріндегі әр ұлт пен ұлыстың өзара бірлік пен татулықта өмір сүруіне негіз болады деп ойлаймын", деді Елбасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны