12.07.2006, 10:21 3057

Прокуратура “Эйр Астана” және “Скат” әуе компанияларының іс-қызметінен заң бұзушылық деректерін әшкереледі

АСТАНА. 12-шілде. Kazakhstan Today. Прокуратура “Эйр Астана” және “Скат” әуе компанияларының іс-қызметінен заң бұзушылық деректерін әшкереледі. Бұл туралы кеше өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының авиациялық прокуроры Мұрат Тілеубаев құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Иуе көліктерінде жолаушылар құқығын қорғау жөніндегі заңнаманың орындалуын тексеру барысында ұлттық тасымалдаушы компания “Эйр Астана” мен “Скат” әуе компаниялары тарапынан азаматтық авиация саласындағы заң бұзушылық салдарынан балаларды тасымалдау барысында заңсыз ақша ұстап қалуға жол берілген”,- деді М.Тілеубаев.

“Еліміздің ішкі әуе желілерінде жолаушылар, жүк және пошта тасымалдау тәртіптеріне сәйкес 2-15 жас аралығындағы балаларды ересектермен бірге немесе бөлек тасымалдау барысында оларға 50 проценттік жеңілдік көрсетілуге тиіс”,- деді ол. “Алайда “Эйр Астана” және “Скат” әуе компаниялары заңды бұзып, 2006-жылдың 1-қаңтарынан бері жолақының толық көлемінің 76 проценті мөлшерінде негізсіз тариф белгіленген. Басқаша айтқанда аталмыш компаниялар ата-анасынан бөлек тасымалданған балалар үшін билет құнының 17 проценті көлемінде заңсыз ақша ұсталып отырған”,- деді М.Тілеубаев.

Оның айтуынша, бұл дерек бойынша авиациялық көлік прокуратурасы ““Эйр Астана” және “Скат” әуе компанияларының басшылығына әкімшілік заң бұзғаны туралы таныстыру жолданды. Қазір тарифтер қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіріліп, кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылды”,- деді прокурор.

Сонымен бірге оның айтуынша, ““Скат” әуе компаниясы халықаралық рейстермен 2 жасқа дейінгі балаларды тасымалдауда билет құнының 10 проценті көлемінде заңсыз баға белгіленген. Бұл да көлік туралы заңды бұзу болып табылады. Өйткені заңға сәйкес 2 жасқа дейінгі балалар тегін тасымалданады”.

М.Тілеубаевтың айтуынша, “заңсыз тарифпен билет бағасын төлеген азаматтарға прокуратура әуекомпанияларынан өтем талап етуді ұсынуда”. Компаниялар өтемақы төлеуге ресми түрде келісті, дейді прокурор.

Сонымен бірге прокуратура тарапынан жолаушылар құқығын сақталу жайын тексеру барысында “авиаагенттіктердің тиісті сертификат алмастан жолаушыларға билет сату және бронь жасау қызметін көрсету деректері анықталды”. Осыған байланысты прокуратура әкімшілік заң бұзушылық туралы іс қозғады.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны