02.04.2007, 16:56 3068

Прокуратура Қарағанды облысындағы қазақ-түрік лицейінен бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады

ҚАРАҒАНДЫ. 2-сәуір. Kazakhstan Today. Прокуратура Қарағанды облысының дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің іс-қызметінен бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы журналистерге Жезқазған қаласының прокуроры Марат Наурызбаев хабарлады.

Марат Наурызбаевтың айтуынша, атап айтқанда, оқушылардың ата-аналарынан заңсыз ақша жинау деректері анықталған. Ол лицей әкімшілігі ата-аналармен арнайы құрылған ата-аналар қайырымдылық қоры арқылы мекемеге демеушілік көмек көрсетуге міндеттейтін келісім-шарт жасаған. Ата-аналар комитетінің шешіміне сәйкес, 7-ден 11-сынып аралығындағы оқушылардың ата-аналары ай сайын арнайы қорға 7 мың теңге, ал лицейге жаңа түскен оқушының ата-анасы 75 мың теңге құюға міндетті.

Сонымен қатар, прокуратурадағылардың айтуынша, төлемақы әр айдың 1 мен 25-ші жұлдызы аралығында төленуге тиіс, егер ақша дер кезінде есеп шотқа түспесе, оқушы сабаққа қатыстырылмаған. Сондай-ақ, оқу жылының соңында сабақтардан қарызы бар оқушы келесі сыныпқа көшірілмеген, ал 9-шы және 11-ші сынып оқушыларына негізгі мектепті бітіру туралы куәліктер, орта білім туралы аттестаттар, сертификаттар берілмеген.

"Лицейдің көрсетіп отырған білім беру қызметі ақылы білім беру қызметін көрсету санатына жатпайды және лицей үшін төленген төлемақы Қазақстан Республикасы Конституциясының азаматтардың мемлекеттік білім мекемелерінде бюджеттік қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын тегін орта білім алуға берген кепілдік құқығын бұзады",- деп мәлім етті прокурор.

Сонымен қатар, тексеру барысында бюджеттік қаржыны негізсіз пайдалану дерегі де анықталды. Прокуратура тексеруінің нәтижесі бойынша Қарағанды облысының білім департаменті директорының атына аталмыш заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізіліп, лицей директорының үстінен әкімшілік іс қозғалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны