Система Orphus

Прокуратура органдары есептен жасырылған сыбайлас жемқорлық сипатындағы бірқатар қылмыстарды анықтады

27.07.2007, 11:00 515

АСТАНА. 27 - шілде. Kazakhstan Today. Прокуратура органдары есепке алынбаған сыбайлас жемқорлық сипатындағы бірқатар қылмыстарды анықтады. Бұл туралы кеше Бас прокуратурадағы баспасөз мәслихатында оның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Мысалға айта кететін болсақ, Ақтөбе облысында қаржы полициясы департаменті жергілікті ішкі істер департаментінің криминалдық полициясы бастығының үстінен қылмыстық іс қозғаудан заңсыз бас тартқан. Ол қабылдап-таратқышта отырған бес азаматты өзінің коттеджін салу жұмысына тартқан",- деді Сапарбек Нұрпейісов.

Оның айтуынша, аталмыш дерек бойынша қаржы полициясының заңсыз қаулысының күші жойылып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 308-бабы бойынша (Билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғалған. "Қазіргі уақытта аталмыш істі Ақтөбе облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті тергеуде",- деп қосты Бас прокуратура өкілі.

Сонымен қатар, Сапарбек Нұрпейісов "Астананың қалалық соты астаналық қаржы полициясы департаментінің қызметкері Қасымовты сыбайлас жемқорлық қылмысына итермелеуге кінәлі деп танып, соттағандығын" хабарлады. Оның мәліметтеріне сүйенсек, үстіміздегі жылдың басынан бері прокурорлар тергеу органдарының қылмыстық іс қозғау туралы 24 қаулысының күшін жойған.

"Біз сондай-ақ айыпталған лауазымды тұлғаларға әділетсіз жеткіліксіз жаза тағайындаған сот үкімдеріне наразылық білдіруге қатысты жұмыстар да жүргіздік",- деп қосты Бас прокуратураның өкілі. "Бас прокурордың наразылығы бойынша Оралдың ішкі істер органының Абай полиция бөлімінің аға тергеушісі қызметін атқарған Есенғалиевқа қатысты үкім өзгертілді, ол кәмелеттік жасқа толмаған қызды зорлағаны үшін қылмыстық жауапқа тартпау үшін Кожокорядан 25 мың теңге көлемінде пара алған",- деді ол.

"Өткен жылдың қазанында Оралдың қалалық соты полицияның бұрынғы қызметкерін ішкі істер органдарында қызмет атқару құқығын үш жыл мерзімге айырумен екі жыл бас бостандығынан айырған, ал үстіміздегі жылдың қаңтарында ол рақымшылық актісі бойынша босатылған болатын. Апелляциялық және қадағалау инстанциясы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды, ал облыс прокурорының наразылығын қанағаттандырмады",- деп түсіндірді Сапарбек Нұрпейісов.

"Іс Жоғарғы сотқа дейін жетіп, онда қадағалау алқасы бас прокурордың дәлелдерімен келісіп, Есенғалиевқа мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығын 5 жыл мерізімге айырумен жалпы режимдегі түзету колониясында 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады",- деп қорытындылады Сапарбек Нұрпейісов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны