28.01.2026, 19:41 2861

Прокуратура органдары "бюрократияға мүлде жол жоқ" қағидаты бойынша инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтеді

Прокуратура органдары "бюрократияға мүлде жол жоқ" қағидаты бойынша инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтеді
Сурет: primeminister.kz
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде прокуратура органдары инвестициялық жобаларды қарқынды түрде сүйемелдеу форматына көшуде. Бас прокурор Берік Асылов Арнайы инвестициялық кеңес барысында ведомство жұмысындағы жаңа басымдықтарды белгілеп берді. Әкімшілік кедергілерді жоюға және рұқсат құжаттарын беруді кешіктіргені үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейтуге баса назар аударылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Берік Асыловтың айтуынша, соңғы 2 жылда прокуратура осы салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген, алайда құқық белгілейтін құжаттар мен техникалық шарттарды беру кезіндегі бюрократия сияқты жүйелі проблемалар жобалардың дамуын тежеп отыр.

Жұмыстың негізгі бағыттары:

  • Жобаларды тексеру: жедел сүйемелдеуді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп, ағымдағы инвестициялық жобаларға толық тексеру жүргізіледі.
  • Қатаң қадағалау: жергілікті жерлердегі инвест-прокурорларға орындалуы міндетті алдын ала жазбаша ескертулер беру құқығы берілді.
  • Сотқа дейінгі реттеу: ведомство инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды сот қарауына жеткенге дейін шешуге қатысады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура инвестициялық жобаларды сүйемелдейді. Негіз ретінде "Бюрократияға мүлде жол жоқ - барынша нақты іс-әрекет" қағидаты басшылыққа алынып отыр. Біз екі жыл ішінде бұл проблемалармен бірнеше рет кездестік. Мұнда үлкен мәселе жатыр. Инвесторлар тиісті инфрақұрылымдар мен рұқсат құжаттарын ешқандай бюрократиясыз бірден алуы керек. Көптеген мәселелердің түп-тамыры да осында. Құқық белгілейтін құжаттар уақытында берілмейді, барлық жерде бюрократия, сол осының бәрін тежеп отыр. Біз орындалуы міндетті алдын ала жазбаша ескертулер мен нұсқаулар береміз. Бұл өте маңызды. Инвесторларды қорғау мақсатында халықаралық құқықтық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіреміз және жүзеге асырамыз. Мемлекеттік органдармен бірлесіп барлық инвестициялық жобаларға тексерулер жүргіземіз", - деп атап өтті Берік Асылов.


Бүгінгі таңда, Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда мемлекеттік органдардың бизнеске қарсы көтерген мыңнан астам негізсіз бастамаларының алды алынды, ал инвесторларға қатысты қылмыстық істердің саны қадағалаудың жаңа құралдарын енгізудің нәтижесінде екі есеге қысқарды.

Одан бөлек, енді инвесторға қарсы бірде-бір тексеру, айыппұл немесе талап-арыздар прокурордың келісімінсіз күшіне енбейді. Бұл механизм 400 заңсыз тексерулердің күшін жоюға, 500 әкімшілік іс жүргізудің жолын кесуге және 200 шектеу шараларының алдын алуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ "прокурорлық сүзгінің" нәтижесінде инвесторлармен сот даулары 30%-ға қысқарды, ал бизнестің қадағалау органына деген сенімі 70%-ға дейін өсті. Заңбұзушылықтар мен әуре-сарсаңға салғаны үшін 340 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Сонымен қатар әрбір маңызды инвестициялық жобаға дербес прокурор бекітілді. Қазірдің өзінде 2 мыңға жуық инвестордың проблемалары шешіліп, 250 жобаны іске қосу мүмкін болды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны