14.03.2007, 17:48 3162

Ресей мен Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлері мекемеаралық ынтымақтастықты кеңейту туралы хаттамаға қол қоймақ ниетте

АСТАНА. 14-наурыз. Kazakhstan Today. Ресей мен Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлері халық пен аумақты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғауды ұйымдастыру саласындағы мекемеаралық ынтымақтастықты кеңейту туралы хаттамаға қол қоймақ ниетте. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпуновтың наурыздың 19-21 жұлдызында Ресейге жасайтын сапары барысында аталмыш хаттамаға қол қойылады, онда ол өзінің әріптесі - Ресей Федерациясының төтенше жағдайлар министрі Сергей Шойгумен кездеседі. "Жұмыс сапары Ресей жағының шақыруы бойынша өтеді",- деп түсіндіреді баспасөз қызметіндегілер.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, сапар бағдарламасында Бүкілересейлік азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі ғылыми-зерттеу институтына, Стратегиялық зерттеулер орталығына, "Антистихия" мониторинг және болжау орталығына, "Центроспас" отрядына, РФ төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік авиациялық кәсіпорынына, Азаматтық қорғау академиясына, 179-шы құтқару орталығына, Ресейдің ТЖМ Москва қаласы бойынша бас басқармасының өрт сөндіру бөлімшесіне бару қарастырылған. Сонымен қатар, аталған құрылымдар мен Ресей Федерациясының ТЖМ бөлімшелерінің басшыларымен кездесу жоспарланған.

Сондай-ақ, баспасөз қызметінің хабарлауынша, министрлердің кездесуі барысында екі мемлекеттің төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік басқару және жоспарлау жүйесі мәселелерінде жұмыс тәжірибелерімен алмасу жоспарлануда. "Атап айтқанда, мемлекеттік өрт және техникалық бақылауды жүзеге асыру, аумақтағы қауіпсіздік төлқұжатын, төтенше жағдайлар саласындағы заңнамалар базасын, осы саладағы мониторинг пен ғылыми зерттеулерді, апат медицинасының жұмыс істеу принциптерін қалыптастыру жағы зерттеледі",- деп түсіндіреді баспасөз қызметіндегілер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны