11.12.2006, 14:21 2749

Республика ішкі істер министрлігі жолдардағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған үш жылдық бағдарлама жасады

АСТАНА. 11-желтоқсан. Kazakhstan Today. Республика ішкі істер министрлігі жолдардағы қауіпсіздікті күшейту жөніндегі 2008-2010-жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасын жасады. Бұл туралы еліміздің ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов бүгін өткен үкіметтік сағат барысында құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бағдарлама таяу жылдарда қалаларда жолдардағы қозғалысты басқарудың қазіргі заманғы автоматтандырылған жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазір қолданысқа енгізіле бастаған жол қозғалысы ережелерін бұзу оқиғаларын түсіріп алатын бейнебақылау жүйелері одан әрі дамытылып, жүргізушілерді дайындау сапасы арттырылады. Жолдарды салу нормативтік деңгейге дейін жеткізіліп, апаттар көптеп шығатын жол бөліктері жойылады",- деді Б.Мұхамеджанов.

Сонымен бірге оның айтуынша, бағдарлама жобасында жолдардағы ахуал мен жол қауіпсіздігі проблемаларын зерттеу үшін ғылыми-зерттеу орталығын құру қарастырылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ҒЗИ КСРО ІІМ тұсында жұмыс істегені белгілі, алайда КСРО ыдырағаннан кейін институт Ресей жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік инспекциясының қарамағында қалды.

Ішкі істер министрінің ақпаратына сәйкес, кейінгі бес жылда Қазақстанда жол апаттарының саны 16 процентке, қаза тапқандар саны 30 процентке, жараланғандар саны 18 процентке өскен. Тек ағымдағы жылдың 11 айында 14,5 мың жол апаты болған. Соның салдарынан 3971 адам қаза тауып, 18 мың адам жараланды.

Министрдің пікірінше, жол апаттарының көбеюіне жол желілерінің осал дамуы, жүргізушілерді дайындау деңгейінің төмендігі, жолдардағы тәртіпсіздіктер мен көлік санының көбеюі себеп.

Ағымдағы жылы 15 млн. халқы бар Қазақстанда 2 млн. адам көлікті болмақ, ал жол инфрақұрылымы әлсіз дамыған күйінде қалып отыр, деді министр.

"Жолдардың төсеніші жақсарды, бірақ, олардың көлемі сол қалпында қалып отыр. Мәселен, республикалық маңызы бар жолдардың ені 7,5 метрге тең. Бұл сағатына 7 мың - 3 мың автокөлік өткізуге есептелген. Ал қазір осы жолдармен 3-4 есе артық автокөліктер өтеді",- деді ол.

Осыған байланысты Б.Мұхамеджанов кісі өлімдеріне апарып соғатын жол апаттарының басым бөлігі қалаларда емес, облыс орталықтары арасындағы жолдарда болатынын атап өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны