30.04.2007, 17:10 6641

Республика үкімет басшысы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында Жапониямен арада бірқатар келісімдерге қол қойылуын қарым-қатынастардың жаңаша деңгейге көтерілуі деп бағалады

АСТАНА. 30-сәуір. Kazakhstan Today. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында Жапониямен арада бүгін бірқатар келісімдерге қол қойылуын қарым-қатынастардың жаңаша деңгейге көтерілуіне балауға болады. Бүгін өткен баспасөз мәслихатында республика үкімет басшысы осындай баға берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

К.Мәсімовтың айтуынша, жаңа құжаттарға қол қою - "қарым-қатынастардың жаңаша деңгейге көтерілуі, ынтымақтастық аясының нақты сауда-инвестициялық мазмұнмен, осынау ынтымақтастықтың жаңаша бағыттарын іздеу мен оның айқындалуымен байыта түсу болып табылады".

Сонымен бірге үкімет басшысы Жапонияның экономика, сауда және индустрия министрі Акир Амаридің келіссөздер барысында Жапонияның жеке меншік компанияларын Қазақстан экономикасын әртараптандыруға тарту мүмкіндіктерін мқұият зерделеуге уәде бергенін жеткізді. "Біз бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасқа жаңаша серпін береді деп сенеміз",- деді К.Мәсімов.

Бүгін Астанада үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Жапонияның экономика, сыртқы сауда және өнеркәсіп министрі Акира Амари атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Сонымен қатар, Қазақстан үкіметі мен Жапония үкіметі арасында тағы бірнеше құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхаметов пен Жапонияның табиғи ресурстар және энергетика агенттігінің бас директоры Харуфуми Мочизуки жеңіл сутекті ядролық реакторларды енгізу үшін мамандар дайындаудағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ал "Қазақатомөнеркәсібі" ҰАК президенті Мұхтар Жәкішев пен "Тошиба" корпорациясының президенті Ацутоси Нисида "Қазақатомөнеркәсібі" мен "Тошиба" арасындағы ядролық энергетика саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны