24.10.2006, 14:07 3124

Республика үкімет басшысы мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асырылу барысына көңілі толатынын білдірді

АСТАНА. 24-қазан. Kazakhstan Today. Республика үкімет басшысы мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асырылу барысына көңілі толатынын білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бұл бағдарламаны қабылдағанда 2005-2007 жылдары берілетін тұрғын үй 12 млн. шаршы метрді құрайды деп пайымдағанбыз. Ал 2005-2006 жылдары 11 миллионнан астам шаршы метр пайдалануға берілді. Яғни үш жылдық бағдарлама екі жылда орындалады. Бұл оң фактор", деп атап көрсетті Д.Ахметов.

Үкімет басшысының мәліметіне сүйенсек, тұрғын үй құрылысына жұмсалған инвестиция көлемі ағымдағы жылдың 9 айында 221,5 млрд. теңге ,немесе, 1 млрд. 736 млн. доллар болған. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 40 процент артық. "Бұл кәсіпкерлердің ел президентінің бағдарламасына сенгендігін және сенетіндігін паш етеді",- деді Д.Ахметов.

"2004-жылдың аяғында біз тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қолға алған кезде Жалпы ішкі өнімнің құрамында тұрғын үй құрылысының үлесі небәрі 3 процентті иемденетін. Қазіргі 9 айда Жалпы ішкі өнімнің құрамында тұрғын үй құрылысының үлесі 7,4 процентке жетті",- деді ол.

Үкімет басшысының пікірінше, қазір жеке тұрғын үй құрылысын тұрғызуға арналған жер телімдеріне инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуға баса назар аудару қажет. "Қазір 300 мыңнан астам адам жеке баспана тұрғызуға ниет білдіруде. Бірақ өкінішке орай біз небәрі 100 мыңнан астам өтінішті ғана қанағаттандыра алдық (жее баспана тұрғызуға тегін жер телімін алу). Бірақ президенттің тапсырмасымен 30 млрд. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлініп отыр. Ал 2008-жылы біз бұдан да қомақты қаржы бөлетінімз анық. Бұл адамдардың баспана тұрғызуға айрықша құлықты екенінің айғағы",- деді үкімет басшысы.

Д.Ахметовтың айтуынша, "2005-2009-жылдар аралығында 30 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 2007-2008-жылдар қазіргіден де ауқымды қарқын беретіні анық. Өткені біз инфрақұрылымды дамыту мен дайындауға көлемді қаржы бөліп отырмыз",- деді Д.Ахметов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны