15.10.2009, 18:17 3158

Республикада аттракцион иелерін ойын-сауық қондырғыларын қолдану саласындағы қайғылы жағдайлардан сақтандыруды міндеттейтін құқықтық механизмдер жоқ - Бас прокуратура

Республикада аттракцион иелерін ойын-сауық қондырғыларын қолдану саласындағы қайғылы жағдайлардан сақтандыруды міндеттейтін құқықтық механизмдер жоқ - Бас прокуратура

Астана. 15 қазан. Kazakhstan Today - Республикада аттракцион иелерін ойын-сауық қондырғыларын қолдану саласындағы қайғылы жағдайлардан сақтандыруды міндеттейтін құқықтық механизмдер жоқ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Ойын-сауық аттракциондарын пайдалану барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайы мемлекеттің жедел араласуын талап етеді",- деді ресми өкіл.

Н.Сүйіндіковтың айтуынша, "ойын-сауық аттракциондары және ойын-сауыққа арналған басқа да қондырғылар келушілердің денсаулығы мен өміріне зиян келтіру қаупінің жоғары болуымен сипатталады. Бірақ, бізде аталған объектілердің құқықтық негізін реттейтін нормативтік құқықтық актілер жоқ, олардың техникалық жағдайына және аттракциондарда қызмет көрсетуші адамдарға қандай-да бір талаптар қойылмаған. Көп жағдайда аттракционда қызмет көрсетуші ретінде студент немесе зейнеткер сияқты біліктілігі жоқ маусымдық жұмысшылар тартылады. Сонымен қатар, республикада аттракцион иелерін ойын-сауық қондырғыларын қолдану саласындағы қайғылы жағдайлардан сақтандыруды міндеттейтін құқықтық механизмдер жоқ".

"Құқықтық реттеудің жоқтығы, сондай-ақ, сәйкес құрал-жабдықтардың техникалық жағдайын тексеру міндетіне кіретін уәкілетті органның болмауы аттракцион иелерінің жауапкершіліксіз қызмет етуіне жол беріп, жарақат алу санын көбейтуге септігін тигізеді, осылардың барлығы балалардың денсаулығы мен өмірін қауіпке тігеді",- деді Бас прокуратура өкілі.

Осылайша, Бас прокуратураның мәліметінше, ағымдағы жылдың тек 6 айында республиканың ойын-сауық аттракциондарында 29 бала жарақат алған (Астанада - 14, Қарағанды облысы - 8, Павлодар облысы - 6, Қостанай облысы - 1).

"Уәкілетті органдардың баланың демалуға және бос уақытын өткізуге құқықтарын сақтау мәселесін зерттеу нәтижесі бойынша Бас прокуратура премьер-министрдің атына заң бұзушылықтарды, оларды тудырып отырған себептер мен жағдайларды жою, кінәлі адамдарды жауапқа тарту және ойын-сауық қондырғыларын қолдану саласын заңнамалық реттеу туралы ұсыныс енгізді",- деді Н.Сүйіндіков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны