29.01.2026, 09:16 3931
Роман Скляр "Шеврон" корпорациясының Еуразия бөлімшесінің басқарушы директорымен кездесу өткізді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр "Шеврон" корпорациясы Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс мырзамен кездесу өткізді. Оған ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.
Келіссөздер кезінде Қазақстан-Америка энергетикалық серіктестігінің флагманы саналатын Теңіз жобасына ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Дерек Магнесс Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың арқасында Теңіз жобасы бойынша маңызды өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті. "Шеврон" өкілі реттеуші ортаның болжамдылығын және мемлекеттік органдармен конструктивті іс-қимылды ерекше атап өтіп, бұл ұзақмерзімді инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді.
Сонымен қатар Роман Скляр Теңіз кенішінде орын алған және өндірістің уақытша тоқтап қалуына әкеп соқтырған оқиғаларға байланысты алаңдаушылық білдірді.
Шеврон" компаниясының басшылығы оқиғалардың салдарын жою және мұнай өндіруді кезең-кезеңімен арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Сондай-ақ компания басшылығы болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу және нысандардың сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты іс-қимылдар жасалатынына сенім білдірді.
Бұдан бөлек, геологиялық барлау жұмыстарын дамыту мәселелері талқыланды. "Шеврон" компаниясы бірқатар геологиялық барлау жобасына қызығушылық танытатынын мәлімдеді.
Кездесу соңында тараптар ұзақмерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары дамытуға бейілділіктерін, сондай-ақ өзара іс-қимылдың барлық бағыты бойынша сындарлы диалогке дайын екендіктерін жеткізді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
29.01.2026, 16:25 3136
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімін қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Мемлекет басшысына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ негізгі қала құрылысы мен инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылуы туралы баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, былтыр қысқа мерзімді экономикалық индикатор 12,8 пайызға көтерілген. Мемлекет бюджетіне 6,6 триллион теңге салық пен міндетті төлемдер түскен.
Президентке қаланың бірнеше орталығын дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық бастамалар таныстырылды. Аталған тұжырымдама аясында заманауи IT-инфрақұрылым, көпфункционалды іскерлік кешендер, сондай-ақ тұрғындардың демалысы үшін абаттандырылған рекреациялық аймақтар жасақталады. Яғни бұл жұртшылық жиі баратын орындарға айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының заманауи көлік жүйесін қалыптастыру жөнінде мәлімет берілді. Жүрдек қоғамдық көлік жүйелерін дамыту тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, қаланы орнықты дамытудың негізгі факторы болмақ.
Қала әкімінің айтуынша, Алматының Бас жоспарында ауаның еркін айналымын қамтамасыз етуді, шаһардың жоғары және орталық бөліктеріндегі шамадан тыс тығыз құрылысты тежеуді, сондай-ақ жасыл желектің аумағын үш есеге - 3 800 гектарға дейін ұлғайтуды көздейтін шешімдер қарастырылған
Мемлекет басшысына 2025 жылы қала көшелері сапалы жарықтандырылып, қуаты екі есе артқаны жөнінде айтылды. Бұдан бөлек, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді безендірудің бірыңғай стандартына сәйкес саябақтар мен көшелерді жаңғырту шаралары жоспарланған.
Сонымен қатар Президент Алматы тау кластері жобасын дайындау жайындағы есепті тыңдады. Қазіргі кезде "Медеу" базалық станциясы арқылы "Шымбұлақ" және "Ой-Қарағай" курорттарын біріктіруді көздейтін техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстары аяқталып қалды. Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде аспалы жолдардың саны 16-дан 62-ге дейін көбейеді, тау шаңғысы трассалары 250 шақырымнан аса ұзарады, ал демалыс аймақтары тәулігіне 40 мың адамға дейін қабылдай алатын деңгейге жетеді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Алматы қаласының экономикасын одан әрі әртараптандыру, экологиялық жағдайын жақсарту, қаланың орнықты көлік және туристік инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ қала ортасының сапасы мен тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.01.2026, 15:19 3686
Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалог орнатуға әзір - Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Инвесторларды қолдау және Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді кеңінен қолдана отырып, жаңа буынның жоғары технологиялық өндірістерін бірлесіп қалыптастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша проактивті инвестициялық саясатты енгізу жұмыстары жүргізуде. Жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация ұлттық басымдықтардың бірі ретінде айқындалды. Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін институционалдық құрылым қалыптастырылды: халықаралық сарапшылардың қатысуымен ЖИ дамыту жөнінде Президент жанындағы кеңес құрылып, Цифрлық штаб жұмыс істейді. Цифрлық кластерді нығайту үшін халықаралық Alem.ai ЖИ орталығы ашылды, сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде "Деректерді өңдеу орталығы алқабы" мен Astana Hub экожүйесі жүзеге асырылуда. Технологиялық жобалардың ауқымын кеңейту үшін стартаптардың үдеткіші ретінде Венчурлық инвестициялар қоры іске қосылды. Құны $1 млрд-тан асатын Playrix, Mytona және NetCracker сияқты ірі компаниялар қазақстандық нарыққа енді.
Ел Президентінің нұсқауларына сәйкес жүзеге асырылып жатқан стратегия цифрлық секторды қарқынды дамытуға және IT қызметтері экспортының көлемін биыл $1,2 млрд-қа дейін арттыруға бағытталған. Тұтастай алғанда, цифрлық трансформация және ЖИ дамуы біз үшін тұрақты экономикалық өсу, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды элементтер саналады. Бұл ретте Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалог орнатуға ашық әрі табысқа жетуге және еліміздің дамуына ықпал ететін шешімдерді бірлесіп талқылауға әзір", - деп атап өтті Олжас Бектенов отырыста сөйлеген сөзінде.
Премьер-министр Кеңестің 37-ші жалпы отырысының қорытындысы бойынша берілген тапсырмалардың жүзеге асырылу нәтижелерін тыңдады. 2025 жылы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру шеңберінде инвесторлық виза берудің жаңа ережелері бекітілді. Шетелдік азаматтар үшін 10 жылға дейінгі тұруға рұқсат беруді көздейтін "Алтын виза" енгізілді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров ұлттық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, сертификатталған "бұлтты" сервистерді пайдалануды реттеу бойынша шаралар қабылданып жатқанын баяндады. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты жаңа нормаларды түсіндіру және шетелдік тараптар көтерген өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Шетелдік инвесторлар кеңесінің өкілдерімен кездесулер өткізілді.
Кеңестің 38-ші пленарлық отырысына дайындық барысы туралы Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Бүгінгі таңда Қазақстанда цифрлық елге айналу жолындағы құқықтық және технологиялық база қалыптасты: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық кодекске қол қойды, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер дәйекті түрде енгізілуде, отандық тілдік үлкен модельдер мен мемлекеттің цифрлық сервистері дамуда. Басты назарда адами капиталды дамыту және цифрлық кластерді нығайту мәселесі тұр.
Отырыста инвестициялық саясатты жүзеге асыру; энергетика, экология және мұнай-газ саласы мәселелері; еңбек заңнамасы, адами капиталды дамыту және шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері; цифрландыру; денсаулық сақтау және фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша бірлескен жұмыс топтарының баяндамалары тыңдалды. Тауарлардың кедендік құны және ҚҚС бейтараптығы, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мұнай-газ секторындағы метан қалдықтарын реттеу мәселелері қозғалды, шетелдік жұмыс күшін визалық қолдау, тәлімгерлікті ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар енгізілді. Көпшілікке арналған "бұлтты" сервистерді реттеу мәселесінде инновациялар мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті ұстау қажеттілігі айтылды, денсаулық сақтау бойынша кәсіптік даярлық, тағылымдама мен дуальды білім беру бағдарламасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың маңыздылығы атап өтілді.
Инвесторлар көтерген мәселелер бойынша Ұлттық экономика, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары пікірлерін білдірді.
Энергетика саласына цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды. Әуе электр желілерінің ақауын тексеруде сәтті жүзеге асып жатқан ЖИ-дефектоскопиясының жоғары тиімділігі атап өтілді. Мәселен, пилоттық жоба аясында 2 күн ішінде 618 ЭТЖ тірегі тексеріліп, 2 мыңнан астам сурет өңделіп, 7 мыңға жуық ақау анықталған. Типтік үлгідегі зақымдануды тану дәлдігі 98%-ға жетті, соның ішінде оқшаулағыштардың ластануы мен шытынауы, тіректердің деформациясы, бекітпелердің болмауы және желілердің үзілу қаупі нақты анықталды. Сондай-ақ тепловизия және лидар жүйелерін енгізу цифрландырудың әсерін күшейтіп, кешенді диагностикаға көшуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жылу желілерінде акустикалық резонанс негізінде роботтандырылған құбырішілік диагностика жүзеге асырылуда. Бұл жаңашылдық құбырларды сол күйінде ішінен тексеруге және жөндеу жұмыстарын нақты қажет жерлерде жүргізуге мүмкіндік береді. Шымкенттегі пилоттық жоба 2025 жылы 1,2 шақырымдық жылу желілерін тексеру кезінде 70%-дан астам үнем жасауға болатынын көрсетті. Одан бөлек, газ саласында газ есептегіштерінің көрсеткіштерін фотосы бойынша автоматты түрде тану үшін мобильді қосымшаға ЖИ көмекшісі енгізілді. Шешім операторларға түсетін жүктемені азайтып, адам факторына байланысты қателерді болдырмауда тиімді екенін дәлелдеді.
Шетелдік инвесторлармен ашық диалог барысында көптеген мәселелер талқыланды.
Marubeni корпорациясы жапондық компаниялардың ЖИ және цифрлық технологияларға қатысуына, соның ішінде оларды әлеуметтік осал топтарды қолдау үшін қолдану мүмкіндігіне қызығушылық білдірді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Smart Data Ukimet-те "Отбасының цифрлық картасы" негізінде жасанды интеллектінің практикалық жағдайларын мысалға келтірді, сондай-ақ "Әлеуметтік әмиянның" дамуын атап өтті.
Polpharma компаниясы пациенттердің қауіпсіздігі мен жалған дәрі-дәрмектермен күресу мәселелерін көтерді. Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап препараттарды міндетті таңбалауды және нарықтан дәрі-дәрмектерді іріктеудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу жоспарлары туралы хабарлады.
Сондай-ақ CNPC, EY, JP Morgan, Kazzinc (Glencore) компаниялары мұнайды тасымалдауға арналған тарифтер, деректерді локализациялау және оларды трансшекаралық жолмен беру жөніндегі талаптарды жаңғырту, тау-кен-металлургия кешенінде салық салу және басқа да мәселелерді өзектендірді.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға "Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі" қауымдастығымен бірлесіп барлық айтылған мәселелер мен ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.
***
Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов шетелдік компаниялардың басшыларымен кездесті.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия мен Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озханмен кездесуде Қазақстанның ЕҚДБ-мен стратегиялық әріптестігінің перспективалары, оның ішінде басым салалар талқыланды. Банк жұмысының барлық кезеңінде елімізде $12 млрд-тан астам сомаға 345 жобадан тұратын пул құрылғаны атап өтілді.
Халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимылдың жаңа форматы қаралды: енді жұмысты Премьер-министрдің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі реттейтін болады. ҚР Үкіметінің бірлескен бастамаларды үздіксіз жүзеге асыру үшін қолдауды қамтамасыз етуге әзірлігі атап өтілді.
Beeline Kazakhstan холдингінің президенті Евгений Настрадинмен кездесу барысында цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және Қазақстанда VEON Group бірлескен жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Beeline Kazakhstan компаниясының 11 млн-нан астам абонентке қызмет көрсетуге және цифрлық инклюзия мен цифрлық сауаттылықты арттыру жөніндегі бастамаларға қатысуға қосқан үлесі атап өтілді.
Премьер-министр Үкіметтің қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін растады және салалық министрліктерге айтылған ұсыныстарды, соның ішінде ЖИ және цифрлық шешімдерді қолдана отырып, жаңа инновациялық жобаларды пысықтауды тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.01.2026, 14:54 2376
Сенат қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейтетін құжатты мақұлдады
Достарға айту
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң мақұлданды.
Заңның негізгі мақсаты - күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілердің қызметін жетілдіру, қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейту, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіру. Қаралып отырған заң келесі негізгі ережелерді қамтиды. Біріншіден, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына тұрғын үй төлемдерін беру, есептеу тәртібін айқындау бойынша өкілеттікті Қазақстан Республикасының Үкіметіне беру бөлігінде түзетулер енгізіледі. Осыған байланысты, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органы қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемдерін алуға құқықтары мен олардың міндеттері осы заңмен бекітіліп, ал осы құқықтарды іске асыру тетігі заңға тәуелді актілерде көзделетін болады", - деді сенатор Советбек Медебаев.
Бұл түзетулер нормалардың артық регламенттелуін болдырмауға және заңға тәуелді актілердегі құқықтық қатынастарды реттеуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Заңында азаматтық және қызметтік қару иелері үшін қосымша міндеттер бекітіледі.
Үшіншіден. "Күзет қызметі туралы" Заңында:
- күзет қызметі саласындағы субъектілердің қызметі туралы есептілікті уәкілетті органға ұсынуы бойынша міндеттері бекітіледі.
- жеке күзет ұйымының филиалы мен өкілдігінің басшыларына қойылатын міндетті талаптар енгізіледі. Қазіргі уақытта бұл талаптар жеке күзет ұйымының басшылары мен күзетшілеріне ғана қолданылады. Төртіншіден. "Теміржол көлігі туралы" Заңында "әскерилендірілген теміржол күзеті" деген ұғым енгізіледі және оның құқықтық мәртебесі бекітіледі.
Бұдан басқа оған транзиттік теміржол жүк тасымалдарын жүзеге асыруға тартылған терминалдар аумақтарында үшінші тұлғаларға жүктерді және теміржол көлігі объектілерін күзету жөніндегі қызметтерді көрсету құқығы беріледі.
Сонымен қатар, "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Заңында уәкілетті органның қылмыстық қатерлерді анықтау жөніндегі болжамды-талдамалық қызметті жүзеге асыру нәтижелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, оларды құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілеріне жіберу бөлігіндегі құзыреті кеңейтіледі", - деді депутат.
Сенатор Жанна Асанованың сөзіне қарағанда, осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ішкі істер органдарында есепте 4 463 жеке күзет ұйымы тіркелген. Күзетшілер саны 97 мыңнан асады. Жеке күзет ұйымдары полиция қызметкерлерімен тең дәрежеде күзетілетін объектілердің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.01.2026, 13:23 3391
Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президентке сот төрелігін іске асырудың былтырғы қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Асламбек Мерғалиев сот төрелігінің сапасы тұрақты түрде сақталғанын айтты. Жоғары тұрған сот сатылары сот актілерінің 98,8 пайызын түзетпеген.
Әкімшілік әділет аясындағы жүйелі шаралардың нәтижесінде мемлекеттік органдармен арадағы даулар кезінде азаматтардың құқығын қорғау көрсеткіштері жақсарды: әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 4,5 мың актісі заңсыз деп танылды. Татуластыру рәсімдерін қолдану үлесі азаматтық істерде - 45,9 пайызды, әкімшілік істерде 11,8 пайызды құрады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс саны 11,8 пайызға азайды (500 мыңнан 441 мыңға дейін төмендеді).
Рақымшылық актісін жариялау арқылы 583 адам жазадан, 5 мыңнан аса сотталушы жазасын одан әрі өтеуден босатылды, 9,2 мың адамның жаза мерзімі қысқартылды.
Қамауда ұстауға рұқсат беруден бас тарту үлесі 25,7 пайыздан 37,5 пайызға дейін артты. Оның орнына үй қамағына алу екі есе жиі тағайындалды (2786-дан 5019-ға дейін ұлғайды). Бұған электронды браслетті кеңінен қолдану ықпал етті (954 адамнан 2283 адамға дейін). Бұл бюджет шығындарын оңтайландыруға және тергеудегі азаматтардың қоғаммен қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндік береді.
Кассациялық сотқа сұраныстың жоғары екені байқалды. Жарты жыл ішінде Кассациялық сотқа 16,2 мыңнан аса арыз-шағым мен наразылық түскен. Былтырғы осы кезеңде Жоғарғы сотқа 9,8 мың арыз-шағым жасалған болатын. Кассация арқылы түзетілген сот актілерінің үлесі азаматтық істерде - 3 пайыздан 18 пайызға, қылмыстық істерде 8 пайыздан 28 пайызға дейін ұлғайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, сот жүйесіне абсолютті сенім деңгейі 3 жылда, яғни 2023 жылдан бері 55,2 пайыздан 63,2 пайызға дейін өскені жөнінде ақпарат берілді.
Президент "Заң және тәртіп" қағидатын жүзеге асырудың, азаматтарға әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің, сондай-ақ заң үстемдігіне басымдық беріп, қоғамның сот жүйесіне сенімін арттырудың маңызын атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.01.2026, 12:59 2016
Түркістан облысында еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік жылыжай кешені іске қосылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауыл округіндегі 51 гектар аумақта жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров "Ecoculture-Eurasia" ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытовты қабылдады. Кездесуде тараптар жобаны іске қосу жайын кеңінен талқылап, атқарылып жатқан жұмыстарды саралады, деп хабарлайды Түркістан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан "Ecoculture-Eurasia" өнеркәсіптік жылыжай кешені - өңіріміздің агроөнеркәсіптік дамуына серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағытта отандық ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту - мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы тұрғыда "Ecoculture-Eurasia" компаниясының өнеркәсіптік жылыжай кешенін іске асыру жобасының маңызы ерекше. Жоба аясында жылына 25 мың тоннаға дейін қызанақ өнімін өндіру арқылы өңір тұрғындарын жыл бойы сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, ішкі нарықты тұрақтандыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға нақты үлес қосылады. Жергілікті тұрғындарды оқытуға, кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді. Бұл - әлеуметтік жауапкершілігі жоғары әрі ұзақ мерзімді дамуға бағытталған көзқарастың айқын көрінісі. Әкімдік тарапынан жобаға қажетті барлық ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі. Біз "Ecoculture-Eurasia" компаниясымен өзара тиімді, сенімді әріптестік орнайтынына сенімдіміз", - деді Нұралхан Оралбайұлы.
Ecoculture-Eurasia" ЖШС құрылтайшысы жобаны іске қосу бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізіп, қазіргі жағдайды баяндады.
Өңір қарқынды дамып келеді. Біз жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Қажетті инфрақұрылым толықтай жеткізілді. Бұл бағытта көрсетілген қолдау үшін ресейлік серіктестеріміз де ризашылығын білдіруде. Жастарды Ресейге тәжірибе алмасуға жіберу, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жыл бойы, яғни жылдың төрт мезгілінде де тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жылыжай кешенінің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз", - деді Алмас Дауытов.
Облыс әкімі Келес ауданында шағын өндірістік парк құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Аталған паркте өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде логистикалық шығындар едәуір қысқартып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін берері сөзсіз.
Жобаны іске асыруға 42 млрд теңге инвестиция салынуда. Жылыжайда жылына 25 000 тонна қызанақ өсірілмек. Жоба толық іске қосылғанда, 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны "Қазақстанның Даму банкі" АҚ тарапынан қаржыландыру мақұлданған. 2023 жылы 23,5 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Жылыжай толық Нидерланд елінен алып келінген жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылды. Сыртқы және ішкі желілері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешенінің ғимараты, материалдық-өндірістік қоймалары, бақылау-өткізу пунктінің құрылысы жүргізілуде. Қазандық және төтенше жанар-жағармай қоймасының құрылысы аяқталды. 8 жылыжай блогы және техникалық дәліз орнатылуда. Оның 4 блогы мен техникалық дәлізі іске қосылды. Кешеннің ресми ашылуы көктемде өтеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, өткен жылы жалпы жылыжай көлемі 75 гектарға өсіп, 1715 гектарды құраған. Бұл жұмыстар өңірдің аталған саладағы үлесін 76 пайызға жеткізіп отыр. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон мен 13 мың тонна құлпынай өндірілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.01.2026, 10:38 2651
Айбек Смадияров Президенттің кеңесшісі - Баспасөз хатшысы болды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Ақорда Айбек Смадияровтың Президенттің кеңесшісі - Баспасөз хатшысы болып тағайындалғанын хабарлады.
- Мемлекет басшысының өкімімен Айбек Серікбайұлы Смадияров Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі - Президенттің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, - делінген ресми дереккөзде.
Айбек Смадияров II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген. Ол 1983 жылғы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы "Қазақстандағы Қытай банкі" АҚ Әкімшілік департаментінің маманы ретінде бастаған. 2006 жылдан 2008 жылға дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің маманы ретінде қызмет атқарды.
2008-2010 жылдары ҚР СІМ Еуропа департаментінің атташесі және үшінші хатшысы лауазымдарында жұмыс істеді.
2010-2012 жылдар аралығында Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде үшінші хатшы қызметін атқарды.
2012 жылдан 2013 жылға дейін ҚР Президентінің Баспасөз қызметінде сарапшы, ал 2013-2014 жылдары ҚР СІМ Сыртқы саяси сараптау мен болжамдау комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарды.
2014 жылдан 2018 жылға дейін Вьетнамдағы ҚР Елшілігінде екінші және бірінші хатшы қызметінде жұмыс істеді.
2018-2019 жылдары ҚР СІМ баспасөз қызметін басқарып, 2019-2023 жылдар аралығында ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары - баспасөз хатшысы лауазымын атқарды.
2023 жылғы маусымнан бастап ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры - Ресми өкілі болды.
2025 жылы ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы - Ресми өкілі.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Руслан Сұлтанұлы Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.01.2026, 21:52 4121
Жүзден астам кәсіпорын Ұлттық жобаға қатысуға өтінім берді
Достарға айту
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны (ЭКСЖ) жүзеге асыру бойынша жобалық кеңсе отырысын өткізді. Отырыс барысында жобалық офис биылға арналған жоспарларды талқылап, сондай-ақ келесі жылға арналған рәсімдерді келісуге және жобаларды қалыптастыруға кірісті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Бүгінгі таңда ұлттық жобаға қатысуға коммуналдық кәсіпорындар тарапынан жоғары қызығушылық байқалады. Қазірдің өзінде 101 кәсіпорын 439 жобаны жүзеге асыруға өтінім берді. 34 жоба жүзеге асырылу сатысында, тағы 65 жоба бастауға дайын.
Вице-премьер сәуір-мамыр айларында жөндеу жұмыстарының белсенді кезеңіне өтуіне байланысты техникалық оператормен бірлесіп, Ұлттық жобаның жоспар-кестесінің орындалуына мониторинг жүргізуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Жоспар-кестеде желілердің ұзындығы параметрлерін және әр өңір мен инфрақұрылым бағыты бойынша қаржыландыру көлемдерін қоса алғанда, нақты міндеттер мен көрсеткіштер көзделген. 2026 жылы жылумен жабдықтауда тозу деңгейін 48%-ға дейін, электрмен жабдықтауда 62%-ға дейін, сумен жабдықтауда 37%-ға дейін, су бұруда 49%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек. Сондай-ақ жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу қарастырылған. Сондықтан жоспар-кестені қатаң сақтауға тиіспіз", - деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер өңір әкімдіктеріне "қызыл аймақта" тұрған кәсіпорындармен жұмысты жеделдетуді тапсырды. Қазіргі уақытта ұлттық жобаға шамамен 54 осындай субъект кіреді.
Отырыс барысында кәріздік-тазарту құрылыстарын (КТҚ) жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Ұлттық жоба аясында 36 КТҚ қамтылған. Оларды қаржыландыру тетіктері талқыланды: жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздары есебінен де, халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарту арқылы да. КТҚ жобаларын жүзеге асыру үшін, оның ішінде Дүниежүзілік банкпен жұмыс бағыттарын қамтитын Жол картасы бекітіледі. Әкімдіктерге, техникалық және қаржылық операторларға тиісті тапсырмалар берілді.
Қанат Бозымбаев ЭКСЖ шеңберінде жүзеге асырылатын барлық жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингінің деректері бойынша жалпы құны 148 млрд теңге болатын 76 жоба қаралды.
Ұлттық жоба аясындағы негізгі кредиторлардың бірі - Қазақстанның Даму банкі. Қазіргі уақытта банктік сараптаманың әртүрлі кезеңдерінде 14 коммуналдық кәсіпорынның жалпы жобалық құны шамамен 375 млрд теңгені құрайтын кредиттік өтінімдері қаралуда. Қаржыландырудың тағы бір көзі - мемлекеттік бағалы қағаздар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық жоба шеңберінде 15 жобаны жүзеге асыру үшін 29,3 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынды. Биыл осы жобаларды аяқтауға қосымша 26 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Ұлттық жобаны үздіксіз жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін Қанат Бозымбаев ЭКСЖ-нің сатып алулар бойынша электрондық платформасын жетілдіруді тапсырды. Сондай-ақ салалық ведомстволарға есепке алу құрылғыларына қатысты бірыңғай стандарттарды қабылдауды жеделдету және биыл жазда іске қосылады деп жоспарланып отырған Smart Turmys ақпараттық жүйесін енгізу тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
28.01.2026, 19:41 2861
Прокуратура органдары "бюрократияға мүлде жол жоқ" қағидаты бойынша инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтеді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде прокуратура органдары инвестициялық жобаларды қарқынды түрде сүйемелдеу форматына көшуде. Бас прокурор Берік Асылов Арнайы инвестициялық кеңес барысында ведомство жұмысындағы жаңа басымдықтарды белгілеп берді. Әкімшілік кедергілерді жоюға және рұқсат құжаттарын беруді кешіктіргені үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейтуге баса назар аударылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Берік Асыловтың айтуынша, соңғы 2 жылда прокуратура осы салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген, алайда құқық белгілейтін құжаттар мен техникалық шарттарды беру кезіндегі бюрократия сияқты жүйелі проблемалар жобалардың дамуын тежеп отыр.
Жұмыстың негізгі бағыттары:
- Жобаларды тексеру: жедел сүйемелдеуді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп, ағымдағы инвестициялық жобаларға толық тексеру жүргізіледі.
- Қатаң қадағалау: жергілікті жерлердегі инвест-прокурорларға орындалуы міндетті алдын ала жазбаша ескертулер беру құқығы берілді.
- Сотқа дейінгі реттеу: ведомство инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды сот қарауына жеткенге дейін шешуге қатысады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура инвестициялық жобаларды сүйемелдейді. Негіз ретінде "Бюрократияға мүлде жол жоқ - барынша нақты іс-әрекет" қағидаты басшылыққа алынып отыр. Біз екі жыл ішінде бұл проблемалармен бірнеше рет кездестік. Мұнда үлкен мәселе жатыр. Инвесторлар тиісті инфрақұрылымдар мен рұқсат құжаттарын ешқандай бюрократиясыз бірден алуы керек. Көптеген мәселелердің түп-тамыры да осында. Құқық белгілейтін құжаттар уақытында берілмейді, барлық жерде бюрократия, сол осының бәрін тежеп отыр. Біз орындалуы міндетті алдын ала жазбаша ескертулер мен нұсқаулар береміз. Бұл өте маңызды. Инвесторларды қорғау мақсатында халықаралық құқықтық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіреміз және жүзеге асырамыз. Мемлекеттік органдармен бірлесіп барлық инвестициялық жобаларға тексерулер жүргіземіз", - деп атап өтті Берік Асылов.
Бүгінгі таңда, Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда мемлекеттік органдардың бизнеске қарсы көтерген мыңнан астам негізсіз бастамаларының алды алынды, ал инвесторларға қатысты қылмыстық істердің саны қадағалаудың жаңа құралдарын енгізудің нәтижесінде екі есеге қысқарды.
Одан бөлек, енді инвесторға қарсы бірде-бір тексеру, айыппұл немесе талап-арыздар прокурордың келісімінсіз күшіне енбейді. Бұл механизм 400 заңсыз тексерулердің күшін жоюға, 500 әкімшілік іс жүргізудің жолын кесуге және 200 шектеу шараларының алдын алуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ "прокурорлық сүзгінің" нәтижесінде инвесторлармен сот даулары 30%-ға қысқарды, ал бизнестің қадағалау органына деген сенімі 70%-ға дейін өсті. Заңбұзушылықтар мен әуре-сарсаңға салғаны үшін 340 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Сонымен қатар әрбір маңызды инвестициялық жобаға дербес прокурор бекітілді. Қазірдің өзінде 2 мыңға жуық инвестордың проблемалары шешіліп, 250 жобаны іске қосу мүмкін болды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
29.01.2026, 11:37Қазақстан СІМ-де халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды 29.01.2026, 12:40 8426Риядта Қазақстан мен Сауд Арабиясы іскер топтарының өзара іс-қимыл перспективалары қарастырылды29.01.2026, 09:16 3661Роман Скляр "Шеврон" корпорациясының Еуразия бөлімшесінің басқарушы директорымен кездесу өткізді29.01.2026, 15:19 3416Үкімет барлық салада инвесторлармен сындарлы диалог орнатуға әзір - Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді29.01.2026, 13:23 3121Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады
27.01.2026, 16:57 70431Мемлекет басшысы Израильдің сыртқы істер министрін қабылдады27.01.2026, 11:55 69706Мемлекет басшысы Израиль Президенті Ицхак Герцогқа Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне орай жеделхат жолдады27.01.2026, 09:48 60406Астанада көрнекті қазақ дипломаты Нәзір Төреқұловты еске алуға арналған салтанатты жиын өтті26.01.2026, 21:46 51711Ыстанбұлда Қазақстанның инвестициялық, экспорттық және туристік әлеуеті таныстырылды26.01.2026, 20:38 45436Қазақстан мен Түркия медиасаладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға ниетті
21.01.2026, 10:52 216341Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі21.01.2026, 11:19 216296Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде21.01.2026, 09:49 2149062025 жылы қазақстандықтарға 806 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді20.01.2026, 22:18 212781Шымкенттің полиция бастығы және оның орынбасары қызметінен кетті20.01.2026, 18:14 208341Тоқаев ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға лайық жәдігерлерді атады

