10.07.2009, 18:28 3040

Семейде аярлығымен ТМД кеңістігіне танылған алаяқ ұсталды

Семейде аярлығымен ТМД кеңістігіне танылған алаяқ ұсталды

Семей. 10 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Семейде аярлығымен ТМД кеңістігіне танылған Сергей Шрейнер есімді алаяқ ұсталды. Бұл туралы Семей қалалық ІІБ бастығы Ермек Сыдықов бүгін өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

"Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Семейге Сергей Шрейнер есімді Мәскеуде тұратын адамның келгені туралы шұғыл ақпарат түскен. Шрейнер - оның әйелінің ата тегі, ал оның өз аты-жөні - Драч. Бірақ ол бірнеше лақап атпен танымал болған. Белгілі болған ақпаратқа сәйкес, 1965 жылғы Шрейнер - Қазақстанның Теміртау қаласының тумасы. Кейінгі уақытта ол Мәскеуде тұрған және онда ірі көлемдегі алаяқтық әрекеттері үшін бірнеше мәрте сотталған", - деді Е. Сыдықов.

Оның айтуынша, 2008 жылы С.Шрейнер Қазақстанға қайта оралып, мұнда өзінің алаяқтық әрекеттерін одан әрі жалғастырған. "Қарағандыда ол "Император" атты тәуелсіз халықаралық сауда-өнеркәсіптік палатасын құрған. Алайда, кейін ол қызметін ауыстырып, қаржы саласындағы алаяқтықпен, яғни, жасанды банктік және төлем тапсырмаларын жасау арқылы материалдық құндылықтарды иемденуге бағытталған алаяқтықпен шұғылдана бастаған", - деді Е. Сыдықов.

Оның айтуынша, қазір тергеушілер С. Шрейнердің қашаннан бері Семейде тұрып жатқанын анықтауда. Бір белгілісі, ол "Семейге келіп пәтер жалдаған, бірақ ол үшін ешқандай да ақша төлемеген, қалада жасанды құжаттармен тұрмыстық техникалар сатып алған. Дәл осы деректер бойында оны тәртіп сақшылары қолға түсірді".

"Сөйтіп, Семейде Шрейнер екі алаяқтық дерегі бойынша жауап беруде. Біріншісі - алдау арқылы бір фирмадан техника сатып алған. Екіншісі - жеке кәсіпкерді алдау дерегі, атап айтсақ, жалдап алған пәтері үшін ақы төлемеу",- деді Семей қалалық ІІБ ақпарат және тіл саясаты бөлімінің бастығы Елубек Оспанов.

Е. Сыдықовтың айтуынша, тергеу алаяқтың келтірген шығынының көлемін нақтылауда. "Біз әзірге 959 мың теңгені анықтадық, бірақ бұл - түпкілікті сан емес", - деді ол.

Қазір ол тергеу абақтысында отыр. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 177-ші бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны