04.05.2008, 15:40 2998

Семейде белдігіне байлаған жарылғыш затты жаруға талпыныс жасаған Өзбекстан азаматы ұсталды

Семейде белдігіне байлаған жарылғыш затты жаруға талпыныс жасаған Өзбекстан азаматы ұсталды

Семей. 4 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Семейде белдігіне байлаған жарылғыш затты жаруға талпыныс жасаған Өзбекстан азаматы ұсталды. Бұл туралы агенттік тілшісіне Семей ІІБ-ында өткен баспасөз мәслихатында құлағдар етті.

ІІБ криминалдық полициясының бөлім бастығының орынбасары Қалибек Елшібаевтың хабарлауынша, оқиға 2 мамырда түстен кейін болған.

Белгілі болғанындай, 51 жастағы Өзбекстан азаматы өзінің 19 жастағы ұлымен және 20 жастағы қызымен бірге Қазақстаннан Ресейге такси жалдап шығып кетпек болған. Қаладан шыға берісте автокөлікті жол полициясының қызметкерлері тексеру үшін тоқтатады. Тексеру кезінде көліктің жүргізушісі жолаушыларын көліктің ішінде қалдырып тексеруге өзі шыққан. Өзбекстан азаматы осы сәтте көлікті өткізіп жібермесе, өзін де, балаларын да жарып жіберетінін мәлімдеген.

"Біз оған сымды қосып жіберуге мүмкіндік бермеу үшін ұстау шарасын жүзеге асыруға мәжбүр болдық", - деді Қ. Елшібаев.

Оның айтуынша, "аталған жағдайда жол полициясы мен Затон полиция бөлімінің қызметкерлері шұғыл қимылдап, Өзбекстан азаматын "Шығыс" аймақтық қолбасшылығының инженерлік-саперлік тобы келіп жеткенше ұстап отырған".

Белгілі болғанындай, әлгі азамат сәуірдің басында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстаннан қудаланған. Оны поезға отырғызып жібергенімен, ол Өзбекстанға оралмай, поездан түсіп, кейін Ресейге жол тарту үшін Қазақстанда қалған.

Қазір тұтқын қамауда отыр. Оның үстінен адамдарды кепілдікке алу және күш қолданып, автокөлікті айдап әкету жөніндегі екі баппен қылмыстық іс қозғалды.

ІІБ-ның хабарлауынша, "алдын-ала мәліметке сәйкес, жарылғыш зат қолдан жасалған және ол кез-келген уақытта іске қосыла алатын еді". Мұндай оқиға Семейде бірінші рет тіркеліп отыр, дейді полицейлер.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны