05.03.2007, 13:58 4678

Семейде қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы қызметінен босатылды

СЕМЕЙ. 5-наурыз. Kazakhstan Today. Семейде қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы Берікбол Дулатов қызметінен босатылды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Берікбол Дулатовты қызметінен босату туралы шешімді Ішкі істер министрлігінің алқасы шығарған. Ішкі істер департаментінің бастығы 2006 жылдың қаңтарынан бері осы лауазымда қызмет атқарған Б. Дулатов жеке құрам арасындағы тәрбие жұмысының қанағаттанарлық еместігі үшін, оның қызметіне қатаң бақылау қоймағандығы үшін қызметінен босатылып отыр.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жылдың басынан бері Семей қалалық ішкі істер органдарында полицейлер тарапынан жасалған үш сыбайлас жемқорлық қылмыстары тіркелген. Атап айтқанда, Аягөздегі "Рубеж-наркотики" бөгет жүйесі бекетінің бастығы 17,5 мың теңге көлеміндегі заңсыз сыйақы алғаны үшін, Семей қаласының Ішкі істер басқармасының екі тергеушісі 3 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу үстінде құрықталды. Қылмыс жасағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Басшы барлық ұжым үшін жауап беретіндіктен, Семей қаласының Ішкі істер басқармасының бастығына айып тағылуда",- деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Облыстық полиция департаментінде, сондай-ақ, осы деректерге байланысты Шығыс Қазақстан облыстық ІІД бастығы Болат Байжасаровқа сөгіс жарияланды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны