15.06.2009, 16:44 2657

Семейде салық комитетінің қызметкері пара алғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айрылды

Семейде салық комитетінің қызметкері пара алғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айрылды

Семей. 15 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Семейде салық комитетінің қызметкері пара алғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігіне Семей қаржы полициясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Ағымдағы жылдың ақпан айында Семей қаласының салық басқармасының шағын және орта бизнес бөлімінің бас салық инспекторы Базаровтың үстінен пара алғаны үшін қылмыстық іс қозғалған", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Базаров міндетті салықтар мен төлемдерді бақылау, салық төлеушілерді тексеру, салық заңнамасын бұзғаны үшін оларға айыппұл салу, сондай-ақ, өзіне жауаптандырылған учаскені бейнебақылау міндеттерін атқарған.

"Ол Қосалқы құн салығын өтеуден жалтарған "С" ЖШС-нің жетешісіне заңсыз көмек көрсеткені үшін ұсталды. Базаров осы ЖШС директорынан бірнеше бөліктерге бөлінген пара алып, оны әкімшілік жауапкершіліктен құтылып кетуге заңсыз жәрдемдескен", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бас салық инспекторы өз жұмыс бөлмесінде аталған ЖШС директорынан параның ең соңғы бөлігі болатын 80 мың теңгені алып жатқан кезінде құрықталды. Параның жалпы көлемі 230 мың теңге болған.

Қаржы полициясының ақпаратына сәйкес, бұл дерек бойынша Базаровты сот Қылмыстық кодекстің 311-бабының 2-тармағы (пара алу) бойынша айыпты деп таныды. Ол мүлігін тәркілеумен жалпы тәртіптегі абақтыға жіберуге 3 жылға бас бостандығынан айрылып, оған мемлекеттік қызметке тағайындалуға 5 жылға тыйым салынды. Соттың шешімі күшіне енді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны