19.01.2007, 18:40 3112

Семейде түзету мекемесінінің әкімшілігі сотталған адамның қашып кету дерегін бір жарым ай жасырып келген

СЕМЕЙ. 19-қаңтар. Kazakhstan Today. Семей аймағындағы УЛ-154/4 түзету мекемесінің әкімшілігі сотталған адамның колониядан қашып кету дерегін бір жарым ай бойы жасырып келген. Бұл туралы журналистерге Семей өңірі бойынша түзету мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі арнайы прокурор Айтмағамбет Серғазин хабарлады.

Арнайы прокурордың ақпараттарына сүйенсек, УЛ- 154/4 мекемесін (колония Приречное ауылында орналасқан) жаңа жыл мерекесінен кейін тексеру барысында бір жазасын өтеушінің жоқ екендігі анықталған. Оның 2006 жылдың 17-қарашасында мекеме басшысының бұйрығымен қысқа мерізімді (үш күнге) демалысқа жіберілгендігі белгілі болды. Бірақ, ол белгіленген уақытта колонияға қайтып келмеген. Мекеме әкімшілігі бұл жағдайды арнайы прокурорға хабарламаған, ал заң бойынша мекеме әкімшілігі оны болған оқиға туралы хабардар етуге міндетті.

Арнайы прокурор Өскемендегі үйінен табылып, колонияға қайта жіберілген сотталушыға қатысты Қазақстан Республикасының ҚК 359-бабы бойынша (жазасын өтеуден жалтару) қылмыстық іс қозғады. Шығыс Қазақстан облыстық Қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасының бастығына мекеме әкімшілігінің заң бұзу дерегі бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды, атап айтсақ колония бастығын, оның орынбасарлары мен кезекшілерді тәртіптік жауапқа тарту туралы ұсыныс жіберілді.

А. Серғазин аталмыш қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталып, қалалық соттың қарауына жіберілгендігін хабарлады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны