Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Қазақстан әлемді ядролық сынақтардан бас тартуға шақырды
Сурет: ЖИ
Қазақстан ядролық сынақтардан бас тарту ұстанымын жалғастыра отырып, ядролық державаларды келіссөздерге шақырады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысы бұл күн Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан бекітілгенін еске салды.
"Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады", - деді президент.
Тоқаев Қазақстанның әлемдегі көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, бейбітшілік, қауіпсіздік және орнықты даму жолын таңдағанын атап өтті.
Оның айтуынша, еліміздің Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретіндегі ұстанымы өзгермейді.
"біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз", - деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев атом энергиясы тек бейбіт мақсатта пайдаланылуы тиіс екенін атап өтті. Ол жалпыұлттық референдумда қазақстандықтардың ядролық энергетиканы дамытуды қолдағанын еске салды.
"Бұл стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты - бір", - деп қорытындылады президент.
Естеріңізге сала кетсек, Семей полигоны 35 жыл бұрын жабылды. 1949 жылдан 1989 жылға дейін полигонда 456 ядролық сынақ жүргізілді. Биыл сәуірде полигонның 832 мың гектардан астам жері босалқы жерлер санатына ауыстырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

