19.10.2006, 18:24 3123

Сенат Азаматтық кодекске енгізілетін түзетулерді мәжіліске қайтарды

АСТАНА. 19-қазан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Азаматтық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның жобасын екінші оқылымда қарап, оған өз түзетулерңн енгізіп мәжіліске қайтарды,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Сенаттың мемлекеттік құрылыс және құқықтық саясат жөніндегі комитетінің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, "мұра қалдырушының ерік білдіру құқығының бұзылуына жол бермеу үшін" арнайы норма енгізіліп, соған сәйкес, "өсиетхатты жазған сәтте ақыл-есі толық бүтін, әрекет ету қабілетіне ие азамат қана өсиетнама қалдыра алатын болды".

Сонымен бірге жеке кәсіпкер банкрот деп танылған жағдайда кредиторлардың талабын қанағаттандыру кезегін белгілейтін ереже заңнама нормаларымен сәйкестендірілді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасын жетілдіруге, азаматтық құқықтар мен міндеттемелерді жүзеге асыруға, кәсіпкерлік қызмет пен бәсекелі ортаны дамытуға қолайлы жағдайлар жасауға бағытталады.

Атап айтсақ, бірқатар түзетулер "кодекстің жекелеген нормалары арасындағы ішкі қарама-қайшылықтарды жоюға, оның жекелеген ережелерінің егжей-тегжейін ашу және редакциясын жаңалауға, сондай-ақ, Азаматтық кодексті еліміздің басқа да заңнамалық актілерінің ережелерімен (Салық және Бюджеттік кодекс т.б.) сәйкестендіру үшін" енгізіліп отыр.

Енгізілетін өзгертулердің көмегімен "шаруа қожалығы және фермерлік шаруашылық" ұғымдарына айқын анықтамалар берілген. "Өйткені, аталмыш азаматтық қарым-қатынас субьектілері арасында түрлі құқықтық режим қалыптасқан және шаруашылық мүшелерінің мүлікті бірлесе меншіктену жайын анықтауға қатысты біршама айырмашылықтар бар". Сонымен бірге заң жобасы арқылы "ақшалай міндеттеме" атты ұғым енгізіледі.

Бұған қоса мұрагерлік құқыққа қатысты нормаларға да түзетулер топтамасы енгізіліп отыр. Атап айтсақ, мұрагер болуға лайық емес мұрагерлердің мұра иемденуіне жол бермеу шарттарын реттейтін және мұрагерлердің мұраға қалған мүліктен алатын үлесін айқындайтын кодекс ережелеріне қосымшалар енгізілмек. Мұрагерлік қабылдау және оны қабылдаудан бас тарту құқығына көшуге қатысты шарттар мейлінше нақты реттеледі. Сонымен бірге мұрагерлердің мұрагерлік құқықты қабылдау тәсілдері мен мерзімін айқындау мәселелерін реттейтін жаңа баптар енгізілмекші.

Тұтастай алғанда, мәжілістің салалық комитетінің пікірінше, аталмыш заң жобасын қабылдау "қоғамдық қарым-қатынастарды азаматтық-құқықтық реттеуді жетілдіруге алып келмек".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны