29.06.2006, 11:01 2859

Сенат БАҚ мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда мақұлдады (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 29-маусым. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар “БАҚ мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұл шешім үшін палатаның жалпы отырысына қатысқан 36 депутат түгелдей дауыс берді. Олар сондай-ақ заңның жобасын екінші оқылымда бүгін қарау туралы шешімді де бір дауыстан қолдады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, “БАҚ мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”заңның жобасын еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігі жасаған. Қолданыстағы заңнамаға енгізілетін түзетулердің көмегімен бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеуге алу және қайта тіркеу үшін алым-салық жинауды заңдастыратын норма енгізу ұсынылып отыр. Заң жобасының нормалары тіркеуге алудан бас тартуға себеп болатын негіздердің тізімін арттырады. Мәселен, алым-салық төленбеген жағдайда; қожайын өзгеруге байланысты БАҚ-ты қайта тіркеу туралы өтінішке қоса меншіктену құқығын өткеріп берілгенін растайтын нотариуспен бекітілген келісім-шартын әкелмеген жағдайда; атауы мен тақырыптық бағыттары бірдей ақпараттық басылымды тіркеуге алу туралы өтініш берілген жағдайда тіркеуден бас тартылмақ.

Заң жобасын жасаушылар сонымен бірге БАҚ тіркеуге тұрғаннан кейін алғаш рет шығатын мерзімді 6 айдан 3 айға дейін қысқартуды ұсынып отыр.

Сонымен бірге заң жобасының нормаларымен бас редактор болып тағайындалуға құқығы жоқ адамдардың тізімін кеңейту көзделген. Атап айтсақ, бұған дейін бас редактор қызметін атқарған, бірақ, солардың кінәсіне байланысты БАҚ-ты басып шығару немесе, эфирге шығару соттың шешімімен доғарылған азаматтар бас редактор болып тағайындала алмайды. Заң жобасы бойынша мәжілістегі жұмыстар барысында бұл тәртіпке толықтыру енгізіліп, соған сәйкес тыйымның күші 3 жыл болады деп белгіленді.

Заң жобасын мәжілісте қарау барысында сондай-ақ үкіметпен келісе отырып баспахана қызметін көрсетуге лицензия беру туралы ереже мен БАҚ-тарды қайта тіркеуден өткізгені үшін міндетті түрде алым жинау туралы норма алып тасталды.

Заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін сенаттың салалық комитетіне жолданды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны