08.02.2007, 12:33 2557

Сенат депутаттары мемлекеттік шекараға қатысты мәселелер бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді мәжіліске қайтарды

АСТАНА. 8-ақпан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның мемлекеттік шекарасына қатысты мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда қарап, оған өз түзетулерін енгізіп мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Сенаторлар енгізген түзетулер "заң жобасының нормаларын республикамыздың заңнамасы нормаларымен сәйкестендіруге бағытталған" делінген сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасымен үш кодекске және екі заңға өзгерістер енгізілмекші. Мәселен, Икімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекске шекараны қорғау және күзет жұмыстары кезіндегі Шекара қызметі органдарының өкілеттілігі аясын нақтылайтын толықтырулар енгізіледі. Қазақстанның аумақтық және ішкі суларындағы минералды және тірі ресурстарды заңсыз өткізіп бергені үшін әкімшілік жауапкершілік жүктеуді қарастыратын бірқатар түзетулер енгізілмекші, сондай-ақ, елге келіп-кету тәртіптерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі қайта қаралуда.

"Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы" және "ҚР ҰҚК Шекара қызметі туралы" заңдарға "шекара кеңістігі", "жер белдігі", "шекаралық кеңістікті бақылау" секілді жаңа ұғымдарды айқындайтын түзетулер енгізіледі.

Бұған қоса ұрланған төлқұжаттарға қатысты мәліметтер базасын енгізуді көздейтін өзгерістер мен шекарашылардың шетелдік кемелерді тексеру мен тануға қатысты өкілеттіліктерін толықтыратын нормалар енгізілмекші.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны