11.06.2009, 11:26 1750

Сенат "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Сенат "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Астана. 11 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Сенат депутаттары бүгін өткен палатаның жалпы отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

Құжат Қазақстан Республикасы президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы "Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы" атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында әзірленді.

Кодекс жобасының мақсаты мемлекеттің, денсаулық сақтаудың және азаматтың жауапкершілігін нақты бөлу қағидаттарына орай денсаулық сақтауда жүргізілетін реформаларды құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз ету болып табылады. Жоба ұлттық медицинаның мәртебесін арттыруға, денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы кодификациялауға, оны халықаралық стандарттармен үйлестіруге бағытталған.

Құжат аясында азаматтарға медициналық қызмет көрсету деңгейін жақсарту, қоғамдық денсаулық және денсаулық мәселелеріне қоғамның көзқарасын өзгерту көзделеді.

Аталған кодекс жобасының негізгі бағыттары туралы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев баяндама жасады.

"Кодекстің жобасы "Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру" атты 2006 жылғы халыққа арнаған жолдауын іске асыруға және ұлттық медицинаның мәртебесін артыруға, денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы халықаралық стандарттармен үйлестіруге бағытталған",- деді Ж.Досқалиев.

Кодекстің жобасы өткен жылы 2008 жылдың қантарында мәжіліске келіп түсті.

Кодексте әлеуметтік қызметті денсаулық сақтау жүйесіне енгізу қажеттігін және төтенше жағдайлар кезінде халыққа медициналық көмек көрсету түрлерін заңнамалық тұрғыда айқындау мақсатында "Медициналық -әлеуметтік көмек" және "Төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық көмек" атты жаңа баптар енгізілді.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды емдеуге жұмсалатын бюджет қаражатының шығындарын азайту мақсатында оларға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі айналасындағыларға қауіп төндіретін қатты аурулар кезінде ғана берілуін көздейтін түзету енгізілді. Бұған қоса аталған адам санатының ВИЧ - індеті мәселелері бойынша тегін медициналық зерттеп-қаралу және консультациялар алу құқығы алып тасталды.

Мемлекеттік шығындарды азайту үшін және ізгілік мақсатында туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарды мәжбүрлі түрде емдеуге қатысты түзету енгізілді. Мәселен, осы ауру санатындағы науқастар айрықша талаптарды сақтаған жағдайда оларды емдеу туберкулезге қарсы ұйымдардың қарапайым стационарларында жалғастыра алады.

Мемлекет басшысының 2008 жылғы 7 қарашада Шымкент қаласында берген тапсырмасы бойынша Кодекс жобасына "Қоғамдық денсаулықты сақтау" атты жаңа 25-тарау енгізілді, ол аурулар профилактикасы, дұрыс тамақтануды қоса алғанда, салауатты өмір салтын қалыптастыру нормаларынан тұрады.

Кодекс жобасына алкогольді тұтынуды азайтуға бағытталған шектеулер, алкогольді сатып алу мен тұтынуға жасы бойынша шектеулер енгізілді. Мәселен, Норвегия мен Швецияда - 20 жасқа толған адамдарға, АҚШ-та 21 жасқа толған адамдарға алкоголь сатуға рұқсат беріледі.

Кодекс жобасында депутаттар тарапынан темекі өнімдерін сату, өткізу, шегу мәселелеріндегі заң талаптарын қатайту мақсатында бірталай өзгерістер енгізілді.

Кодекс жобасында өзіне-өзі қызмет ету жаймаларынан темекі бұйымдарын сатуға, жұмыс орнында темекі шегуге тыйым салудың енгізілуі, темекі бұйымдарының сипаттамасы туралы жаңсақ түсінік қалыптастыратын жалған және дәйексіз ақпараттың алып тасталуы, біріншіден, "Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясын ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы заңын іске асыруға арналса, екіншіден, халықтың темекіні тұтынуын шектеу бөлігінде мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау шеңберінде тиімді мемлекеттік саясатты іске асыруды көздейді, үшіншіден, он сегіз жасқа толмаған адамдарға темекі бұйымдарын сатуға тыйым салу туралы нормаларды заңнамалық тұрғыдан бекітуді көздейді.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызметті басқарудың сатылас жүйесін құруға байланысты жергілікті атқарушы органдардың халықтың санитариялық- эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі құзыреті денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне берілді.

Мемлекет басшысының 2008 жылғы 7 қарашада Шымкент қаласында айтылған тапсырмаларына сәйкес халыққа дәрілік көмектің қолжетімділігін, сапасын арттыру және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік қамтамасыз етілуін жақсарту үшін Кодекс жобасына "Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу және олармен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай дистрибьютор" ұғымы енгізілді.

Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын формулярлық жүйе енгізу бөлігінде орындау үшін, Кодекс жобасында дәрілік заттарды сатып алуды реттеу тетігі айқындалды, мұның өзі мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының қажетті сұранысты ескере отырып, дәрілік заттармен уақытылы қамтамасыз етуіне және олардың тізбесін дербес айқындауына мүмкіндік береді.

Биологиялық белсенді қоспаларды өткізуге және олардың жарнамасына бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін нормалар енгізіліп отыр.

Медицина қызметкерлерінің азаматтар мен қоғам алдындағы өздері жүзеге асыратын қызметі үшін моральдық жауапкершілігі мәселесінің маңызы мен мәнін арттыру мақсатында, Кодекс жобасында медицина қызметкерлерінің Ар-намыс Кодексін көздейтін, сондай-ақ Идеп мәселелері жөніндегі комиссия туралы бап көрініс тапты, оның мақсаты биология мен медицина жетістіктерін пайдаланған кезде адамның құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау болып табылады.

Ауылдағы денсаулық сақтауды дамыту және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын және ауылдық елді мекендерде орналасқан мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында қала жағдайында қызметтің осы түрлерімен айналысатын мамандардың айлықақыларымен және тарифтік ставкаларымен салыстырғанда кемінде 25 пайызға жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтік ставкаларды көздейтін түзетулер енгізілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны