28.01.2010, 16:12 3024

Сенат "Мемлекеттік статистика туралы" заң жобасын мәжіліске қайтарды (толықтырылған)

Сенат "Мемлекеттік статистика туралы" заң жобасын мәжіліске қайтарды (толықтырылған)

Астана. 28 қаңтар. Kazakhstan Today - Сенат депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Мемлекеттік статистика туралы" заң жобасына өз түзетулерін енгізіп, мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Отырыста "Мемлекеттік статистика туралы" заң жобасын қарау барысында оның қоғам мен мемлекетті толық, дәйекті, сапалы әрі ғылыми негізделген және уақытылы ресми статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталғаны аталып өтілді.

Сенат Мәжілісте мақұлданған заң жобасына өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, мемлекеттік статистика органдарының құзіреті статистикалық ақпаратты түзу кезінде бұрмалаушылықтар, қателер, ағаттықтар анықталған жағдайда респонденттерден қосымша ақпарат сұрату функциясымен толықтырылды, "үй шаруашылығы" ұғымының анықтамасы жаңа мәтінде жазылды, алғашқы статистикалық деректер сот актілері шығарылған кезде алғашқы статистикалық деректер дәлелдеме бола алмайтыны туралы ереже алынып тасталды.

Мәжілістің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Аманкелді Момышев жетекшілік жасайды.

Бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика туралы заңнамасы нормаларын қайта құрылымдауды, жүйелендіру мен жетілдіруді және статистика саласындағы халықаралық принциптерге сәйкес келтіруді, толық және анық ақпарат алу үшін статистикалық қызметтің мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар мемлекеттік статистика оргапдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру үшін бастапқы статистикалық ақпаратқа қол сұқпау кепілдіктерін қамтамасыз ету және тиісінше статистика сапасын арттыру мақсатында жаңа редакцияда әзірленіп отыр.

Заң жобасының негізгі мақсаты - мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін құру.

Заң жобасы қоғамды, мемлекетті және халықаралық қоғамдастықты Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық, демографиялық және экологиялық жағдайы туралы толық, анық, ғылыми негізделген және уақтылы мемлекеттік статистикамен қамтамасыз етуте бағытталған.

Заң жобасы, сондай-ақ стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге - статистикалық қызметтің ашықтығын арттыру, мемлекеттік органдардың, респонденттердің және мемлекеттік статистиканы пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін тиімді бөлу есебінен респонденттерге жүктемені азайтуға және статистикалық ақпаратты пайдаланушылардың сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа заң қабылдау арқылы Қазақстан Республикасының статистика туралы заңнамасын жетілдіру статистикалық ақпаратты пайдалану мақсатын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Бұл респонденттер ұсынатын бастапқы статистикалық ақпараттың сапасын арттырады. Респонденттер ұсынатын бастапқы статистикалық деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету, бірінші кезекте кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қорғауға бағытталған, бұл мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыруға және соның есебінен пайдаланушыларды анық статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заң жобасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының өңірдегі ресми статистиканың негізін қалаушы принциптеріне сәйкес келеді.

Сондай-ақ заң жобасының нормаларымен мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік органдардың әкімшілік деректеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету болжанып отыр. Бұл статистика сапасын арттыруға, деректерді енгізу мен оңдеуді тездетуге, өндірістің қағазсыз технологиясын енгізуге, есептілік нысандарындағы қайталауды болдырмауға, статистикалық есептілік нысандарының санын қысқартуға, уақытты тиімді және ұтымды пайдалануға және респонденттерге жүктемені азайтуға алып келеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны