28.12.2006, 13:54 2760

Сенат миноритарлық инвесторлардың құқығын қорғау мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 28-желтоқсан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Миноритарлық инвесторлардың құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасы инвесторлардың құқығын, соның ішінде инвестицияны бағалы қағаздар түрінде салатын инвесторлардың құқығын қорғауды қамтамасыз етуге байланысты туындайтын қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған.

Атап айтсақ, Икімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекске енгізілетін түзетулермен инвесторлармен келісімде банктер тарапынан сыйақы ставкаларын көрсетпеуге байланысты және сыйақы көлемі туралы ақпаратты таратқан кезде, сондай-ақ, инсайдерлік ақпаратты заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік айыппұл қарастырылған.

Президенттің "Шаруашылық серіктестіктері туралы" заң күші бар жарлығына енгізілетін өзгерістер серіктестікке қатысушылардың ақпарат алу құқығын бекітуге бағытталған.

"Банктер туралы және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Зейнетақы қамтамасыздығы туралы" заңдарға енгізілетін түзетулермен миноритарлық акционерлерге қатысты ережелер заңмен бекітіледі. Ережелер миноритарлық акционерлер біріккен жағдайдағы процедуралық мәселелерді шешу, банктер, сақтандыру ұйымдары мен зейнетақы жинақтаушы қорлардың филиалдары мен өкілдіктерін ашу процедураларын оңтайландыру мақсаттарын көздейді.

Тұтастай алғанда заң жобасында миноритарлық инвесторларға болашақ инвестиция обьектісі туралы және инвестиция салуға байланысты туындайтын құқықтар мен міндеттемелер мейлінше кең көлемді ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылған.

Түзетулермен нарық субьектілерінің іс-қызметін мемлекет тарапынан реттеу, соның ішінде мемлекеттік мекемелер тарапынан қаржылық делдалдар мен ақылшылардың инвесторлар құқығын бұзу оқиғаларына дер кезінде әрі тиімді жауап қату мүмкіндігін қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріледі.

Сонымен бірге заң жобасында инвесторлардың құқығы мен оларға осы құқықтардың бұзылмайтындығына заң жүзінде кепілдік беру реті айқын регламенттелген.

Енгізілетін түзетулермен сондай-ақ инвесторлардың құқығын бұзғаны үшін жүктелетін жауапкершілік күшейтіліп, бағалы қағаздарға қатысты операциялар саласындағы бұрмалаушылықтар, алдау және алаяқтыққа жол беру мүмкіндіктері жойылады.

Заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін сенаттың салалық комитетіне ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны