26.12.2006, 12:23 2967

Сенат ойын бизнесі туралы заң жобасына өз түзетулерін енгізіп мәжіліске қайтарды

АСТАНА. 26-желтоқсан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы" заңның жобасына өз түзетулерін енгізіп мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Заң жобасына қатысты бір ғана ұсыныс келіп түсті. Бүгін біз үкіметтің қолдауына ие болдық",- деді жалпы отырыста салалық комитеттің шешімін таныстырған сенат депутаты Жақай Нұрғалиев. Депутаттардың түсініктемесіне сәйкес, сенаторлар құмар ойындарына арналған орындар орналасатын аймақтарды кеңейтуді ұсынады. Атап айтсақ, сенат заңда ойын бизнесі дамитын аумақтар ретінде Щучинск-Бурабай және Қапшағай су қоймасының оң жақ жағалауын белгілеуді ұсынуда. Ал заң жобасы мәжілісте қаралғанда Қапшағай қаласы (Алматы облысы) мен Щучинск қаласын ойын зонасы деп тану ұсынылған болатын.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ""Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы" заң жобасында ойын бизнесі нысандарының орналасатын жері, қызметті жүзеге асыруға қатысты жалпылама талаптар, лицензия алуға қажетті квалификациялық талаптар, құмар ойындарына арналған нысандарға бару тәртіптері секілді нақты шаралар белгіленген.

Ұсынылған заң жобасына сәйкес, Қазақстанда букмекерлік конторалар мен тотализаторлардың жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Ойынханалар мен ойын автоматтары залдары тек арнаулы аймақтарда ғана орналасады. Оларды республиканың басқа аймақтарында орналастыруға заң жобасымен тыйым салынады.

Заң жобасының көмегімен сондай-ақ жабдықтардың санына да шектеу қойылмақ. Мәселен, ойынханада 20-дан кем емес үстел, ал ойын автоматтарына арналған залдарда 50-ден кеме емес автомат орнатылуға және олар жаппай сертификатталған болуға тиіс. Заң жобасы ережелеріне сәйкес, кассалар мен ойын орындары бейнежазба жүйелерімен жабдықталуға және ондағы ақпараттар 7-ден кем емес күн сақталуға тиіс.

"Лицензия алу үшін ойын бизнесін ұйымдастырушының иелігінде жеке меншіктегі немесе басқа да қандайбір заңды негізде ғимараты, жеке меншіктегі ойын жабдықтары, клиенттер мен құмар ойындары орындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзет қызметі болуға тиіс.

Сонымен бірге ойынхана немесе букмекерлік контораның қожайынының қолында қызмет түріне байланысты болып келетін ақшалай резерв қор болуға тиіс. Ойынханалар мен ойын автоматтарына арналған залдар үшін бұл қор 26 млн. теңге, ал букмекерлік конторалар үшін 10 млн. теңге, тотализаторлар үшін 5 млн. теңге көлемінде болуға тиіс.

Заң жобасында көрсетілгендей, әрбір ойын мекемесі лицензия алуға тиіс, лицензия мерзімі 10 жылмен белгіленеді.

Ойын бизнесіне қатысты мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасымен Салық және Бюджеттік кодекстерге өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, ойын бизнесіне арнаулы салық енгізілмек. Салық әрбір жабдық санына қарай төленеді. Бұған қоса мекеменің арнайы белгіленген минимумға үстеме тапқан кірісінен қосымша төлем алынады. Ол заңсыз жолмен тапқан кірісті "ақтап алуға" және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес мақсатымен енгізіліп отыр.

Заң жобасымен құмар ойындарына қатысушыға рұқсат берілетін шектеу 21 жастан басталады.

Аталмыш заңдар 2007-жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтілуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны