24.09.2009, 11:15 1763

Сенат сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

Сенат сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

Астана. 24 қыркүйек. Kazakhstan Today - Сенат депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Заң жобасы сот жүйесін оңтайлы үш буынды жүйе құру арқылы жаңғыртуға, қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттардың соттауына жататын істерді айқындауға бағытталған. Бұл соттар енді бірінші сатыда, оның ішінде алқа билердің қатысуымен неғұрлым күрделі қылмыстық істерді қарайтын болады. Заң жобасы істерді апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында қарау ерекшеліктерін де регламенттеп, қылмыстық процеске қатысушылар құқықтарының қорғалуына қосымша кепілдік берілуін қамтамасыз етеді.

Заң жобасында қылмыстық істер бойынша мамандандырылған, бірінші сатыдағы сот ретіндегі, ауданаралық соттар және гарнизондардың бірінші сатыдағы сот ретіндегі, мамандандырылған әскери соттары секілді жаңа мамандандырылған соттар енгізіледі. Олардың алғашқысының соттауына аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарау жатқызылады.

Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда қылмыстық істерді алқада қараудың алып тасталуы осы заң жобасының новелласы болып табылады. Алқабилер қатысатын соттың соттауына жататын істерді қоспағанда, енді барлық істерді судья жеке-дара қарайтын болады.

Заң жобасына сәйкес облыстық сот - апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде ғана, ал Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қадағалау сатысындағы сот ретінде ғана әрекет ететін болады.

Заң жобасы "Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы" Конституциялық заңға сәйкес Қазақстандағы сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған.

Заң жобасының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасындағы үш буынды сот жүйесін оңтайландыруды көздейді. Жобада қылмыстық және азаматтық барлық істер бірінші кезекте қаралуға жататын аудандық және оларға теңестірілген соттар - бірінші буын болып табылады.

Екінші буын - істерді аппеляциялық және кассациялық тәртіпте қарайтын облыстық және соларға теңестірілген соттар болса, үшінші буын - істерді тек қадағалау тәртібімен қарайтын Жоғарғы Сот болады.

Жоба арқылы жаңадан мамандандырылған соттар - ерекше ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер қаралуға жататын бірінші сатыдағы соттар болып табылатын қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттар және бірінші сатыдағы мамандандырылған әскери соттар енгізілгелі отыр.

Мамандандырылған ауданаралық соттарда қаралуға жататын істер ауқымы да жасы кәмелетке толмағандар ісі бойынша кеңейетін болды. Сондай-ақ жиынтық ұғымымен ажыратылған қылмыстардың көп мәрте болуы, қайталама қылмыстар мен рецидивтік те реттеледі.

Сот үдерісіндегі айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында дыбыс және бейне жазбалар секілді техникалық құралдарды қолдану мәселелері де қарастырылып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны