10.09.2009, 13:20 5193

Сенат үш жылдық бюджет жобасымен жұмыс істеуде дағдарыс сабағын ескеріп, антициклдік фискалдық саясатқа көшу мәселесін жан-жақты пысықтауға тиіс - сенат төрағасы

Сенат үш жылдық бюджет жобасымен жұмыс істеуде дағдарыс сабағын ескеріп, антициклдік фискалдық саясатқа көшу мәселесін жан-жақты пысықтауға тиіс - сенат төрағасы

Астана. 10 қыркүйек. Kazakhstan Today - Сенат үш жылдық бюджет жобасымен жұмыс істеуде дағдарыс сабағын ескеріп, антициклдік фискалдық саясатқа көшу мәселесін жан-жақты пысықтауға тиіс. Бұл туралы бүгін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев төртінші шақырылған парламенттің үшінші сессиясындағы сенаттың бірінші жалпы отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, әріптестерін сессияның басталуымен құттықтаған Қ.Тоқаев депутаттарға қысқаша сөз сөйледі.

"Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев сессияны ашарда Парламент жұмысын жоғары бағалап, ағымдағы сессияда атқарылуы тиіс жұмыс ауқымы мен басымдықтарға жан-жақты тоқталды",-деді төраға.

Сенаттың міндеті мен мақсатына қатысты Қ.Тоқаев "депутаттық корпус, ертеңгі күнді бүгін болжап жүрген Елбасының бастамаларын уақтылы және сапалы түрде жүзеге асыруға үлес қосып, мемлекетіміздің тұрақты дамуына заңдық негіз қалау ісіне бар күш-жігерін жұмсайды деп кәміл сенемін",-деді.

Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында еліміздің қаржы, экономикалық, әлеуметтік және ғылым мен мәдениет саласында атқарылған істер өте көптігі, алайда асар асулар әлі алда екені айтылды.

Төраға "парламент пен үкімет осы жауапты, әрі абыройлы істі келешекте де қоян-қолтық жалғастырып, халқымыздың мүддесі үшін үйлесімді қызмет атқаруы тиіс" екенін атап өтті.

Елімізде экономиканың тұрақтануы байқала бастағанын атап өткен Қ.Тоқаев "алдымыздағы үш жылдық бюджет жобасымен жұмыс істеуде дағдарыс сабағын ескеріп, антициклдік фискальды саясатқа көшу мәселесін жан-жақты пысықтауға тиіспіз" деді.

Қазір сенат комитеттерінің қарауында 19 заң жобасы бар. Қалғандары таяу арада бізге келеді. "Президент олардың бірқатарын қарауға басымдық беріп, жедел қабылдау керектігін айтқан болатын. Сол құжаттарға ерекше назар аударып, әр заңды жан-жақты, мұқият зерделеп, қабылдауымыз қажет",-деді төраға.

Алдағы жыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз алда тұрған жауапты да абыройлы іс екенін атап өткен палата басшысы алдымызда аса маңызды және жауапкершілігі мол міндеттер күтіп тұрғанын, Сенат депутаттары осы бағыттарда табандылық пен белсенділік танытарына сенім білдірді.

Сөзінің қорытындысында төраға депутаттарды "еліміздің экономикалық және саяси дамуында алға басуы үшін қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға" шақырды.

Жалпы отырыста "Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьяларын босату және сайлау туралы" Қазақстан Республикасы президентінің ұсынулары қаралып, Д.Тұмабеков пен М.Шегенов Жоғарғы сот судьясы болып сайланды, ал Е.Ибдіқадыров бұл қызметтен басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылды.

Отырыста қаралған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жазалауды орындау жүйесін және қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылым мақұлданды.

Палата отырысында сонымен қатар "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының заңына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу мәселелері бойынша өзгеріс енгізу туралы" заң жобасы да қаралып, өзгерістер енгізілгеннен кейін парламент мәжілісіне жіберілді. Талқыланғаннан кейін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына да өзгерістер енгізіліп, парламент мәжілісіне жіберілді.

Алғашқы жалпы отырыс жағымды оқиғамен аяқталды. Илеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ахан Бижанов парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға белсене қатысқаны үшін ТМД Парламентаралық Ассамблясының "Содружество" орденімен марапатталды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны