09.04.2014, 19:42 3281

Сенат вице-спикері ЕКПА төрағасымен кездесті

Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясындағы жыл сайынғы сессиясының екінші бөлігі аясында ҚР Парламенті делегациясының жетекшісі, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев ЕКПА Төрағасы Анн Брассермен кездесті.

Алматы. 9 сәуір. Kazakhstan today. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясындағы (ЕКПА) жыл сайынғы сессиясының екінші бөлігі аясында Қазақстан Республикасы Парламенті делегациясының жетекшісі, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев ЕКПА Төрағасы Анн Брассермен (Люксембург) кездесті.

ЕКПА Төрағасы А. Брассер Қазақстан Парламенті мен ЕКПА арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуына 10 жыл толғанда өткен кездесудің ерекшелігін атап өтіп, Еуропа Кеңесі парламенттік институты мен Қазақстан Республикасы Парламентінің арасындағы үнқатысудың үдей түсетініне сенім білдірді, деп Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат төрағасының орынбасары Еуропа Кеңесімен ынтымақтастықты дамыту Қазақстан сыртқы саясатындағы басымдықтар қатарында екенін атап өтті. А.Бейсенбаев Қазақстан Парламенті мен ЕКПА арасындағы өзара іс-қимыл өзара түсіністік пен сенім аясында дамуда екенін айтып, Қазақстан Республикасы сыртқы саясатындағы бастамаларға Ассамблея басшылығының қолдау көрсетіп келе жатқанына тоқталды.

Қазақстан Республикасы Парламенті делегациясының жетекшісі еліміздің Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді көздейтін "Қазақстан-2050" жаңа мемлекеттік стратегиясын жария еткенін А.Брассерге жеткізді. Жаңа саяси бағыт қазақстандық қоғам өмірінің барлық саласына қатысты, мемлекеттілікті және демократияны одан әрі нығайту жөніндегі қадамдар қарастырылған.

2017 жылы Астанада "Болашақтың энергиясы" тақырыбы бойынша энергия жинақтау және балама энергия көздерін енгізу мәселелеріне арналған Дүниежүзілік "ЕХРО - 2017" мамандандырылған көрмесі өтеді. Қазақстан экологиялық қауіптер мен энергия тапшылығының жаһандық мәселелерін шешуге өз үлесін қосуға ниеттеніп отыр. Энергияның балама көздерін дамытудағы және жаңа технология мен биоотын өндіруде инновацияны пайдаланудағы Люксембургтің тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Парламенті делегациясының жетекшісі А.Бейсенбаев люксембург компанияларын көрмеге белсенді түрде қатысуға шақырды.

Кездесуге сенаторлар Владимир Бобров пен Орынбай Рахманбердиев қатысты.Сол күні қазақстандық делегацияның мүшелері ЕКПА-ның бұрынғы төрағасы, Түркияның Еуропалық Одақпен байланыстар жөніндегі министрі М.Чавушоглумен және ЕКПА-дағы түрік делегациясының мүшелерімен кездесті. М.Чавушоглу саяси түрақтылық және экономикалық өркендеу негізінде Қазақстанның қарқынды дамуына жоғары баға беріп, түркітілдес елдердің мойындалған көшбасшысы ретінде

Президент Н.Назарбаевтың рөлін атап өтті.

Сенат төрағасының орынбасары А.Бейсенбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне және Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу идеясына ЕКПА басшысы ретінде қолдау білдіргені, сондай-ақ 2012 жылы Илемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезіне қатысқаны үшін М.Чавушоглуға ризашылық білдірді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны