17.05.2012, 12:50 2919

Сенатор медициналық айықтырғыштарды қайтадан Ішкі істер министрлігінің құзырына беру мәселесін көтерді

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Мұрат Бақтиярұлы осындай мәселе көтерді.

Астана. 17-мамыр. Kazakhstan Today Сенатор медициналық айықтырғыштарды қайтадан Ішкі істер министрлігінің құзырына беру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Мұрат Бақтиярұлы осындай мәселе көтерді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі құқық қорғау органы саласындағы реформаларға сәйкес, медициналық айықтырғыштар Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілген болатын.

"Медициналық айықтырғыштарды Ішкі істер министрлігінің құзырынан алып, Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына бергеннен кейін біраз қиындықтар туындауда. Айықтырғыштар уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына айналды. Мас немесе масаңдау күйінде әкелінгендердің арасында орталықтың медицина қызметкерлерінің ырқына көнбей, түрлі ем шараларды алудың өзінен бас тартып жататындары да көп кездесуде. Мұның өзі дәрігерлердің күнбе күнгі жұмыстарын да қиындата түседі. Ендігі арада медициналық айықтырғыштарды бұрынғысынша Ішкі істер министрлігінің құзырына беру қажеттілігі туындайтын сыңайлы", - дейді сенатор М. Бақтиярұлы.

Сонымен бірге, сенатор нашақорларды мәжбүрлі түрде емдейтін наркологиялык мекемелердің күзеті де бәсекелестік ортаға берілгенін айта келе, бұның да олқы тұстары бар екендігін атап өтті. "Нашақорлардың көпшілігі кезінде қылмысты болғандар, сол үшін жазаларын өтегендер де баршылық. Ендеше олар кей жағдайда түрме ғадетімен өмір сүруге бейім тұрады да, тәртіп бұзу оқиғасын жиілетіп жібереді. Нашақорларды 6 айдан 2 жылға дейін медициналық жолмен мәжбүрлі емдеу өз нәтижесін бермей де отыр. Себебі науқастарда емделіп шығуға деген ынта мен ықылас жоқ. Олар емделіп шыққаннан кейін өздерінің жұмысқа орналаса алмайтындықтарын біледі де, нашақорлыққа қайыра бой алдырып жататындықтары да жиі кездеседі", - дейді сенатор.

Осыған орай, депутат "бәлкім бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі секілді мәжбүрлі еңбек терапиясы бар емдеу-еңбек мекемесін қайта жаңғырту қажет пе?" деген ойын да ортаға салды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны