17.04.2014, 19:55 3583

Сенатта жаңа бюджет саясаты қаралды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында бүгін негізгі шаралар жоспарына сәйкес жаңа бюджет саясатына және нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша үкіметтік сағат болды.

Алматы. 17 сәуір. Kazakhstan today. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында бүгін негізгі шаралар жоспарына сәйкес жаңа бюджет саясатына және нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша үкіметтік сағат болды.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің бастамасымен болған шараны палата төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев ашты. Мемлекет басшысының "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" халыққа Жолдауында белгіленген макроэкономикалық саясатты жаңғырту жөніндегі міндеттерге қатысты төраға орынбасары талқылауға шығарылған мәселелердің өзектілігін атап өтті, деп Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

А.Бейсенбаевтың айтуынша, бюджет ресурстарын мүмкіндіктер шегінде пайдалану және оның тапшылығын қысқарту, жан-жақты ойластырылған және үнемді бюджеттік-қаржылық процесін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында жаңа бюджет саясаты және нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамалары әзірленіп, бекітілді.

Төраға орынбасары осы тұжырымдамаларды іске асыру екі кезеңге жоспарланғанын, бірінші кезеңде қажетті нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру керектігін айтты. Осыған байланысты өткен жылдың соңында Бюджет және Салық кодекстеріне заңнамалық өзгерістер енгізілгені аталып өтілді. Қазіргі уақытта бюджет процесін жетілдіруге байланысты заңнамалық өзгерістердің қосымша топтамасы дайындалып, өткен аптада Парламентке енгізілді.

Жиналғандар алдында экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев негізгі баяндама жасады.

Министр Жаңа бюджет саясатына және Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамаларын іске асыру жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Үкіметтік сағатта сонымен қатар Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов сөз сөйледі. Ол республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін қарау барысы жайында айта келіп, сондай-ақ республикалық бюджетті қабылдау барысында шешуді талап ететін мәселелер бірнеше рет көтерілгенін атап өтті. "Стратегиялық жоспарлауды жетілдіру, бюджет жүйесіндегі сәйкессіздік, жергілікті жерлерде қаржыны игеру және басқа мәселелерде әкімшілерге мониторинг жүргізілмейтіні туралы сөз болды. Осы мәселелердің бәрі аталған тұжырымдамаларда көрініс тапты", - деді сенатор.

Сондай-ақ Рашит Ахметов Жаңа бюджет саясатына және нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын іске асыру бюджет қаржысын басқарудың тиімділігін арттыратыны туралы айта келіп, ең соңында, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында алға қойылған міндеттерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Шара барысында министрлік басшысы сенаторлардың көптеген сауалдарына жауап берді.

Үкіметтік сағатты қорытындылай келіп, Сенат төрағасының орынбасары А.Бейсенбаев бюджет аралық қатынастарға, бюджеттік несиелеу рәсімдерін жетілдіруге қатысты және басқа да көкейкесті мәселелер талқыға салынғанын айтты және көтерілген мәселелердің ескерілетіне сенім артатынын жеткізді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны