14.05.2008, 10:52 1765

Шаңырақ ісі бойынша айыптау куәгерлері өз айтқандарынан бас тартты

Шаңырақ ісі бойынша айыптау куәгерлері өз айтқандарынан бас тартты

Алматы. 14 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - "Шаңырақ" ықшамауданында 2006 жылдың 14 шілдесінде болған оқиға туралы іс бойынша басты айыптау куәгерлері өз айтқандарынан бас тартты. Бұл туралы қоғамдық қорғаушы, "Шаңырақ" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов кеше баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

А. Қожахметовтың хабарлауынша, айыптаудың басты куәгерлері ағайынды Айбатыр мен Бауыржан Ибрагимовтер "Шаңырақ" ықшамауданындағы полиция қызметкерінің өлімі мен жаппай тәртіпсіздіктер жөніндегі іс бойынша өз айтқан жауаптарынан бас тартады.

Қазақстанның Жоғарғы сотының төрағасының атына жазған арыздарында А. Ибрагимов азаматтар Арон Едігеев, Ерғанат Тарашиев, Құрманғазы Өтегенов пен Рүстем Тұяқовты сотқа тарту бойынша шындықты айтқысы келетінін хабарлаған.

А. Ибрагимов оны полиция қызметкерлерінің таяққа жыққанын және сотқа тартылған төрт адамды осы іс бойынша жауапкершілікке тартқан жауапқа қол қоюға мәжбүрлеген. Ол осыдан кейін оны ағасымен бірге пәтерлердің бірінде ОМОН күзетімен төрт ай бойы ұстады деп сендіріп отыр.

"Сотталған Едігеев, Тарашиев, Өтегенов пен Тұяқовтарды мен көрген емеспін және немен айналысқандарын білмеймін. Менің осыған дейін берген жауаптарымның барлығынан бас тартамын. Өйткені, мен ол жауаптарды тергеу органдарының қызметкерлерінің күш көрсетуімен, мазақ қылуымен және азаптауымен берілген. Мен шындықты Жоғарғы соттың апелляциялық отырысында айтуға дайынмын", - деп жазған ол өз арызында.

Алматы облысының адвокаттар алқасының адвокаты Илия Мизамбекованың хабарлауынша, Жоғарғы сотта 10 маусымда осы іс бойынша сотталған төрт адамның қорғаушылары берген апелляция бойынша сот алқасы өтуі тиіс.

"Қазір құқық қорғау органдарына, Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа ресми үндеу бар. Қазір біз, бір жағынан, бұл айтылғандарға құқықтық баға беруді, екінші жағынан, сотқа куәгерлер ретінде осы істегі басты айыптау куәгерлері ағайынды Ибрагимовтерді шақыруды күтіп отырмыз", - деді "Шаңырақ" РҚБ төрағасы.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2006 жылдың 4 шілдесінде өз еріктерімен жерді басып алғандар қала әкімдігінің талабына және Алматының "Шаңырақ-1" ықшамауданындағы басып алған жерлерінен кету жөніндегі талаптарды орындаудан бас тартқан.

Құқық қорғау күштерімен болған қақтығыстар нәтижесінде полицияның 150 қызметкері жарақат алып, оның 16-сы ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Тұрғындар оларды алдын-ала дайындалған жанатын заты бар бөтелкелермен және таспен атқылаған. Қақтығыс кезінде Бостандық ауданының ІІБ қызметкері 24 жастағы Исет Бейсенов қаза тапты. Жас полиция қызметкерінің үстіне бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызын күйік шалған ол 12 күн өткеннен кейін қалалық №4 аурухананың күйік бөлімінде көз жұмды.

Сотталғандардың барлығы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты және билікке бағынбады, ал олардың төртеуі полиция қызметкерін қасақана өлтірді деп айыпталған-ды.

Арон Едігеевті сот 18 жылға, Ерғанат Тарашиевті 16 жылға, Құрманғазы Өтегеновті 15 жылға және Рүстем Тұяқовты 14 жылға бас бостандықтарынан айырды. Қалған жиырма айыпталушыға шартты түрдегі үш жылдық жаза тағайындалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны