18.06.2009, 17:46 2584

Шығыс Қазақстан облысы "Жол картасы" аясында бөлінген 17 миллиардтан аса теңгені толық және сапалы игеруі қажет - президент

Шығыс Қазақстан облысы "Жол картасы" аясында бөлінген 17 миллиардтан аса теңгені толық және сапалы игеруі қажет - президент

Астана. 8 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Шығыс Қазақстан облысы "Жол картасы" аясында бөлінген 17 миллиардтан аса теңгені толық және сапалы игеруі қажет. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында Семей сынақ алаңының жабылуына 20 жыл толуына арналған митингіде мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

"Бүгін біз еліміз үшін айтулы оқиғаны атап өткелі отырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын әлемдегі ең ірі Семей полигонында соңғы рет ядролық сынақ жасалған еді. Менің жарлығыммен Семей сынақ алаңының жабылғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Бірақ, бұл оңайға түскен жоқ. Оған біз халқымыздың қайсарлығы мен күш-жігерінің, ауызбірлігі мен жылдар бойғы табанды іс-қимылының нәтижесінде қол жеткіздік. Полигонды жабу егемендігіміздің арқасында жүзеге асты",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Илем жұртшылығы кезінде Семей өңірін полигон алаңы ретінде ғана білді. Шын мәнінде Семей - Абай мен Шәкәрім сияқты даналарымыздың туған жері! Семей - қазақ білімі мен ғылымының, әдебиеті мен өнерінің ордасы, деді мемлекет басшысы.

Сөйтіп, жарты ғасырға жуық жарылыстардан зардап шеккен Қазақстан жерінде ядролық қаруды сынақтан өткізуге соңғы нүкте қойылды. Илемнің дамыған елдері біздің қауіпсіздігіміз бен бейбіт жолмен өсіп-өркендеуімізге кепілдік берді. Бұл өркениет көшіне бет бұрып, баянды тірлікке ден қойған Қазақстан үшін үлкен табыс еді.

"Полигон зардабын тартып, ядролық қарудан пайда болған қайғы-қасіреттен көз ашпай келген халқымыз бұл бастаманы зор ризашылық сезіммен қабыл алды. Біздің бұл шешіміміз жер шарының бейбітшілік сүйгіш миллиондаған адамдарына қуаныш сыйлады. Олардың бойында ядролық қаруды сынауды тоқтатуға болатындығы туралы сенім пайда болды",- деді Елбасы.

Семей полигонындағы жарылыстар халқымыз үшін орны толмас ауыртпалықтар әкелді. Біз тәуелсіздік алғанда ядролық сынақ алаңын жауып, қасиетті жерімізді қасіреттен арылту үшін қажетті нәрсенің бәрін жасадық.

Арада өткен жылдар ішінде еліміз дамыды. Өркениет көшіне бағытын батыл түзеді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы еліміздің индустриялық-технологиялық дамуында маңызды рөл атқарады.

"Өңірде жаңа өндіріс орындары көптеп ашылуда. Осы заманғы технологиялар енгізілуде. Ауыл шаруашылығы дамып келеді. Ет-сүт өндірісін дамытудағы жұмыстар жемісті жүргізілуде. Менің тапсырмам бойынша үкімет Семей қаласын дамыту бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, мәдени объектілер салынып жатыр. Бұл мақсатқа 20 миллиардтан астам теңге жұмсалды. Таяуда бұл бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыруға кірісеміз. Көп уақыттан бері көпшіліктің назарында жүрген ауыз су және қаланы жылумен қамту мәселесі оң шешімін табады. "Жол картасы" аясында облысқа 17 миллиардтан аса теңге бөлінді. Бұл қомақты қаражатты толық және сапалы игерулеріңіз қажет",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Бүгінгі күннің бәріміз үшін маңызы зор. Халқымыз көп жыл бойы полигонның зардабын тартты. Қасиетті қазақ жері сынақ алаңына айналды. Біз тәуелсіздіктің арқасында оны жаптық. Бұған қаншама қиындықтар арқылы қол жеткізгенімізді әрдайым есте сақтауымыз керек.Бұл тарихи оқиға жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, еліміздің дамуына игі ықпалын тигізді. Біздің балаларымыз бабаларымыз бастан кешкен тағдыр соққысына ешқашан душар болмақ емес. Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы тиіс. Бұл үшін мемлекетімізде тұрақтылық және ізгі ниетті әлем үшін ашықтық қажет. Біз сонда ғана еліміздің өркендеуіне қол жеткіземіз",- деді ол.

"Төле би бабамыз "Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле" деген. Бізге керегі елдің бірлігі. Сондықтан халқымыздан ынтымақ пен бірлік кетпесін деп тілейік",- деді Елбасы сөз соңында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны