10.01.2008, 12:44 1753

Шығыс Қазақстан облысында өткен жылы мыңнан аса шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылған

Шығыс Қазақстан облысында өткен жылы мыңнан аса шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылған

Өскемен. 10-қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1329 шетел азаматы сот шешімі негізінде Қазақстан Республикасынан шығарылған. Олардың 42-сі алыс шетел азаматтары, 1287 - ТМД елдерінің азаматтары, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Департаменттің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, заңсыз миграцияға тосқауыл қою, сондай-ақ, шетел азаматтары жасайтын қылмыстардың санын азайту мақсатында полиция қызметкерлері өткен жылы өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып "Мигрант", "Шекара" және "Нелегал" деген атпен төрт шұғыл-профилактикалық шара өткізген. Сонымен бірге, миграциялық полиция қызметкерлері күн сайын шетелдіктердің заңсыз миграциясын анықтау бойынша тексерістер және жоспарланған рейдтік шараларды өткізіп тұрады.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, 2007 жылы Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаменті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің жергілікті органдарымен бірлесе отырып заңсыз еңбек миграциясының жолын кесу бойынша жұмыс жүргізген. Нәтижесінде шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережесін бұзған 138 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 330-1 бабы бойынша Қазақстан Республикасына келу туралы шешімді орындамағаны үшін 49 шетел азаматына қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Баспасөз қызметінен хабарлағандай, өткен жылдың ішінде көші-қон туралы заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған шетел азаматтарының саны - 10721. Олардың ішінде алыс шетелдердің азаматтары - 2491, ТМД елдерінің азаматтары - 8230.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, ішкі істер органдары шетел азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тарту кезінде оларды жұмысқа қабылдаған ұйымдар, кәсіпорындар және коммерциялық құрылымдардың лауазымды тұлғалары мен сондай жеке тұлғалардың кінәсінің қаншалықты екендігіне ерекше көңіл бөлінді. Аталмыш кезең ішінде шетел азаматтарын шақырып алып өз міндеттемелерін орындамаған Қазақстан Республикасының 1950 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жалпы алғанда Шығыс Қазақстан облысында өткен жылы 102 мың шетел азаматы тіркелген. Олардың ішінде алыс шетел азаматтары шамамен 12500. Ал ТМД азаматтары 90300 адамнан асады. Шетелдіктердің негізгі бөлігі Ресей Федерациясынан - 79191 адам, Өзбекстаннан - 7303 адам және Қырғызстаннан - 1446 адам келген. Қытай Халық Республикасынан 10073 жұмысшы келген. Оның 9243-і оралмандар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны