10.05.2007, 14:46 2832

Шығыс Қазақстан облысында Семейдің жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері 1 миллионға жуық бюджеттік қаржыны иеленіп кеткен

ӨСКЕМЕН. 10 - мамыр. Kazakhstan Today. Шығыс Қазақстан облысында Семейдің жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері 1 миллионға жуық бюджеттік қаржыны иеленіп кеткен. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Шығыс Қазақстан облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

"Анықталған қылмыстық топ өздерінің қызмет бабын пайдалана отырып, қаржылық құжаттарды қолдан жасау жолымен жұмыссыз азаматтарды оқытуға арналған бюджет қаржысын жымқырған",- деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Қаржы полициясының ақпараттарына сүйенсек, "Семейдің жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекеме бөлімінің бастығы М. Рысбаев аталмыш мемлекеттік мекеменің мамандары Т. Исламовпен және С. Қуанбаевамен, сонымен қатар "Семей" колледжінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Н. Маженовамен ымыраласа отырып, қажетті мамандықтарға жұмыссыздарды оқытуға 50-ден астам жасанды келісім жасаған. Құжаттарды жасай отырып, олар бюджеттік қаржыны колледждің есепшотына және жұмыссыздардың есеп карточкасына аударып, артынша өздері иемденген. Аударылған ақшаның жалпы сомасы 900 мың теңгеден асып жығылады.

Көрсетілген мемлекеттік қызметкерлердің үстінен ұрлық, қызметтік жалғандық, ресми құжаттарды қолдан жасау деректері бойынша бірқатар қылмыстық істер қозғалды. Кінәлілерге қатысты қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.

Үстіміздегі жылы Шығыс Қазақстан облысының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес департаменті сыбайлас жемқорлық қылмыстарының санатына жататын 35 қылмыстық іс қозғаған. Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 6-ы сот атқарушылары, 3 - әртүрлі деңгейдегі әкімдер (соның ішінде 2 - і пара алу), 3 - білім беру мекемелерінің қызметкерелері, 3 - денсаулық сақтау ызметкерлері, 1 - ішкі істер органдарының қызметкері, 1 - кеден органының қызметкері, 10 - басқа да мемлекеттік құрылым қызметкерлері тарапынан жасалған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны