11.04.2007, 16:36 3035

Шығыс Қазақстан облысында заң бұзушылықтар жасағаны үшін ішкі істер органдарынан 10 қызметкер шығарылған

СЕМЕЙ. 11 - сәуір. Kazakhstan Today. Шығыс Қазақстан облысында заң бұзушылықтар жасағаны үшін 10 қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылған. Бұл туралы ішкі істер органдарының үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындысы жөніндегі кеңейтілген кеңес барысында Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің бастығы Болат Байжасаров мәлім етті, деп хабарлады Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.

Болат Байжасаров кеңесте үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Ішкі істер департментінің тәртіптік комиссиясының 12 отырысы өткендігін, онда 29 мәселе қарастырылғандығын атап өтті. Комиссияның қорытындылары мен ұсыныстары бойынша 10 қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылып, екі қызметкер лауазымынан босатылған, бір қызметкердің арнаулы атағы төмендетіліп, 6 қызметкер қатаң тәртіптік жауапқа тартылған. "9 қызметкердің үстінен 7 қылмыстық іс қозғалды",- деп атап көрсетті ол.

Болат Байжасаровтың пікірінше, заң бұзушылықтар мен қылмыстың алдын-алуға тиісті назар аударылмайды. Соның салдарынан топпен жасалған қылмыстардың, сонымен қатар бұрын сотталғандар мен кәмелеттік жасқа толмағандардың жасаған қылмыстарының саны өсіп отыр.

Сонымен қатар, баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де айтарлықтай олқылықтар бар. Облыс жолдарында 3 ай ішінде 234 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 55 адам көз жұмған, 262 адам жарақат алған. "2006 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда апат жағдайының 14 пайызға, қайтыс болғандардың саны - 77,4 пайызға және жарақаттанғандар саны - 10,5 пайызға өскендігі байқалады", деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.

Кеңестің қорытындысы бойынша, департамент басшысы криминалдық ахуалдың тұрақтылығына қатысты шаралар кешенін белгілеп, алдағы кезеңде атқарылатын міндеттерді анықтады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны