29.05.2007, 16:13 2906

Солтүстік Қазақстан облысында кеденшілер Ресейге контрабандалық валюта алып өтпек болған екі деректің алдын алды

ПЕТРОПАВЛ. 29 - мамыр. Kazakhstan Today. Солтүстік Қазақстан облысында кеденшілер Ресейге контрабандалық валюта алып өтпек болған екі деректің алдын алды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Солтүстік Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, "Заслон" жедел шаралары барысында "Бидайық" бекетінің қызметкерлері "Даймлер Бенц" көлігімен Щучинскіден Омбы қаласына бет алған Қазақстанның үш азаматына тексеру жүргізген. Кеденшілердің айтуынша, жолаушылардың бірі Ресейге тұрақты тұру үшін кетіп бара жатқан. "Кеден декларациясын толтырғаннан кейін тексеру барысында Ресейге кетіп бара жатқан азаматтың денесінен арнайы қалта тігілген медициналық белдік табылған, оған кеден декларациясында көрсетілмеген 20 мың АҚШ доллары мен 70 мың ресей рублі көлеміндегі валюта салынған",- деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер. Кеденшілердің мәліметтеріне сүйенсек, тәркіленген валютаның көлемі 2,7 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар, осы күні аталмыш бекеттің қызметкерлері "Мерседес Бенц" көлігімен Омбыға бет алған Қазақстан азаматын тексеру барысында декларацияда көрсетілмеген 390 мың ресей рублі көлеміндегі валюта табылып, тәркіленген. "Кеден бақылауынан жасырылған шетелдік валютаның сомасы 1,8 млн теңгені құрайды",- деп қосты баспасөз қызметінедегілер.

Аталмыш деректер бойынша, азаматтардың үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 209-бабының 1-тармағында (экономикалық контрабанда) қарастырылған қылмыстар бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны