12.12.2007, 18:40 3791

Соңғы 15 жылда елімізде нашақорлықпен ауырғандардың саны 10 есе, ал жасөспірімдер арасында олар 18 есеге өскен - Бас прокуратура

Соңғы 15 жылда елімізде нашақорлықпен ауырғандардың саны 10 есе, ал жасөспірімдер арасында олар 18 есеге өскен - Бас прокуратура

Астана. 12 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Соңғы 15 жылда елімізде нашақорлықпен ауырғандардың саны 10 есе, ал жасөспірімдер арасында олар 18 есеге өскен. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми өкілі сапарбек Нұрпейісов бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Бас прокуратура 2006 жылы және 2007 жылдың 1-ші жарты жылдығы кезеңінде кәмелетке толмағандар мен жастардың арасындағы нашақорлықтың алдын алу жөніндегі заңдылықты қолдану кезіндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметіне тексеру жүргізді",- деді ол.

"С.Нұрпейісовтың айтуынша, "Қазақстан аса қуатты есірткі тасымалдау аймағында орналасқан, сондықтан еліміздің аумағы тек есірткі тасымалы ғана емес, ең ауыр есірткіні көпшіліктің жиі қолдану аймағына да айналып отыр".

"Бұл ретте, біз жасаған талдау Алматы, Астана қалаларында, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында есепте тұрған кәмелетке толмағандардың саны 30 пайызға өскенін көрсетті",- деді өкіл.

Ал Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында есірткіге тәуелді жастар арасында ең жоғары өсу көрсеткіш орта есеппен 2,4 пайыз.

Тексеру нәтижесінің талдауы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттің есірткіге қарсы саясатты үйлестіру жөніндегі өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежеде орындамайтынын, сонымен қатар оны жүргізу үшін қажетті қаражат бөлмейтінін көрсетті.

Мысалы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында нашақорлық және есірткі бизнесімен күресу жөніндегі аймақтық бағдарлама әлі күнге дейін бекітілмеген.

Аталған облыстарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған Нашақорлық және есірткі бизнесімен күресу бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспары ғана жасалған.

Сонымен қатар, тексеру аймақтық комиссиялардың формальді түрде ғана есепте болып, осы мәселелерге қатысты тиісті шаралардың орындалуын қадағалау былай тұрсын, тіпті олар жөнінде арнайы отырыстарда ауызға да алмайтынын көрсетті. Көптеген жәйттер кейде тіпті жергілікті атқару органдарының құзыретіне жатпаса да үкіметтік шаралармен қосарланып, соның салдарынан аймақта нашақорлық және есірткі бизнесіне жол беретін себептер мен жағдайлар дер кезінде жойылмай жатады.

Сонымен қатар, талдау жүргізіліп жатқан шараларға әсер ететін басты фактордың бірі жергілікті деңгейде оларға тиісті деңгейде қаражат бөлу екенін көрсетті.

Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 2007 жылы нашақорлықтың алдын алу және есірткіге қарсы иммунитет жасау жөніндегі шараларға жергілікті бюджетте барлығы 3,8 миллион теңге, Қызылордада - 1,7 млн тенге, Ақмолада - 1,6 млн. тенге, Атырауда - 1,1 млн. тенге және Солтүстік-Қазақстанда 0,5 млн тенге қарастырылған.

Ал, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының жергілікті бюджеттерінде нашақорлық пен есірткі бизнесімен күресу және алдын алуға қаражат мүлдем бөлінбеген.

Қазіргі жағдайға әкелген негізгі себептерге түрлі шараларды өткізу кезінде істі толық орындамай, көз бояушылыққа салыну, кәсіби жедел тәсілдеменің болмауы, сонымен қатар жергілікті атқару органдарының Республикамыздағы 2006-2014 жылдарға арналған нашақорлықпен күресу стратегиясының талаптарының тиісті дәрежеде орындамауы, салғырттық және есірткі бизнесімен күресіп жатқан болып көріну сияқты келеңсіз жәйттер жатады.

Бүгінгі күні елімізде медициналық ұйымдардың есебінде тұрған нашақорлыққа шалдыққандардың жалпы саны 53 351 адам болса, олардың 2 577-сі әйелдер, 4 948-і кәмелетке толмағандар.

Есірткілік ұйымдарда медициналық көмек көрсетудің сапалылығы мен тиімділігін тексеру кезінде штаттағы қызметкерлер санындағы медицина мамандары, сонымен қатар материалдық-техникалық жабдықтаудың жетіспеушілігі анықталды.

Арнайы денсаулық сақтау ұйымдардың медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеуі де алаңдаушылық туғызады.

Мысалы, Ақтөбе облысында есірткі диспансерінің медициналық жабдықтармен және медицинаға қажетті бұйымдармен жабдықталуы 30 пайызды құраса, ал Оңтүстік Қазақстан облысының есірткі орталығында бұл көрсеткіш 63 пайызға тең.

Есірткі ұйымдары тараптарынан есірткіге тәуелді адамдарды ертерек анықтап, оларды толық есепке тұрғызуды қамтамасыз ету жөнінде қандай да бір тиімді шаралар қолданылмай жатқандары анықталды. Атап айтқанда, басқа уәкілетті органдармен, сонымен қатар жедел көмек станцияларымен өзара қарым-қатынас орнатылмаған.

Ал полиция өкілдерін есірткіні шамадан тыс артық қолданудан медициналық көмек алу фактілерінің бірде бірі де, сонымен қатар есірткі өткізу арналары мен олардың тұтыну орындары да (наркопритондар) қызықтырмаған.

Мұндай бұзушылықтар Атырау (3 жағдай), Қызылорда (7 жағдай) және Оңтүстік Қазақстан (64 жағдай) облыстарында анықталды.

Есірткі ұйымдары мен ішкі істер органдарының мұндай жағдайдағы әрекетсіздігі есірткі қолданушылардың көбінің анықталмай , есепке алынбай қалуына және соның салдарынан алдын алу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуіне әкеп соқтырады.

Құқық қорғау органдарымен өзара ақпарат алмасудағы денсаулық сақтау субъектілерінің мұндай әрекетсіздігі есірткі қылмысының өсуіне жол ашады.

Кәмелетке толмағандардың арасында нашақорлықтың алдын алу саласындағы мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету мәселелері бойынша кәмелетке толмағандар мен олардың құқықтарын қорғау істері жөніндегі комиссия қызметінде көптеген заң бұзушылықтар анықталды.

Комиссияның 2007-2008 жылдарға арналған кәмелетке толмағандар арасында заң бұзушылықтарды және балалардың қараусыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу жөніндегі бағдарламасына сәйкес есірткі қолдануды ертерек анықтау үшін қалалық денсаулық сақтау бөлімінің оқушылар арасында тест жүргізуі қарастырған.

Алматы қаласының есірткі орталығының медициналық-әлеуметтік үйлестіру мәліметі бойынша үстіміздегі жылдың 1-ші қазан айындағы жағдай бойынша есірткі ұйымының есебінде 2 234 кәмелетке толмағандар тіркелген.

Облыстық мекемелер деңгейіндегі мұндай ведомствоаралық үйлесімсіздіктердің төмен тұрған құрылымдық бөлімдердің жұмыстарына кесел келтіретіні сөзсіз.

Статистикалық мәліметтердің мұндай сәйкессіздік фактілері Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да анықталды. Сонымен қатар, жүргізілген тексеру нәтижелері қолданыстағы заңдылықты, сонымен бірге жүргізілген шараларды тиімді жетілдіру мақсатында кәмелетке толмағандар мен жастар арасында есірткіні алдын алу жүйесін жетілдіру қажет екенін көрсетті

Күні бүгін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің келісімі болмаған жағдайда олардың нашақорлығын куәлендіруді, тестіден өткізуді яки есепке қоюды жүргізу тәртібі заң жүзінде реттелмеген.

Сонымен қатар, мектеп, колледж оқушылары мен жоғары оқу орындарындағы жастарды профилактикалық қараудан өткізетін медициналық комиссия құрамына нарколог немесе терапев дәрігерді енгізуді заңмен реттейтін уақыт жетті.

Покуратура органдарының осы тексеруінің нәтижесі бойынша заң бұзушылықты жою жөнінде барлығы 136 ұсыныс енгізілді, әкімшілік жауапкершілкке 5 адам тартылды, 5 заң түсініктемесі берілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны