30.09.2009, 17:48 6871

Соңғы уақыттарда браконьерлік барынша ұйымдасқан қылмыстық сипатқа көшті - Бас прокуратура

Соңғы уақыттарда браконьерлік барынша ұйымдасқан қылмыстық сипатқа көшті - Бас прокуратура

Астана. 30 қыркүйек. Kazakhstan Today - Соңғы уақыттарда браконьерлік барынша ұйымдасқан қылмыстық сипатқа көшті. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін Бас прокуратурада Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісінің қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Н.Сүйіндіковтың хабарлауынша, мәжілісте құқық қорғау органдарының табиғат қорғау ведомстволарымен экологиялық құқық бұзушылықтарға қарсы өзара бірлесе әрекет ету, Орал-Каспий бассейндегі браконьерлікпен күрес тиімділігін арттыру мен Қазақстанның Өзбекстан, Қырғызстан республикаларымен шекарасындағы контрабанда, есірткі траффигі, рұқсатсыз көші-қон және басқа да құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселелері қаралды.

Мәжіліске Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен қатар президент әкімшілігі басшысының орынбасары Т.Донақов, парламент сенаты мен мәжілісінің бағдарлас комитеттерінің төрағалары Е.Аман және Е.Нигматуллин, құқық қорғау органдары және мүдделі министрліктер мен ведомстволардың басшылары, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары, прокуратура органдарының бірқатар басшылары қатысты.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелердің өзектілігінің өсе түсуіне қарай табиғат қорғау ведомстволарының және құқық қорғау органдарының экологиялық құқық бұзушылықтарға қарсы жұмыстарының тиімділігі талданды.

Құқық қорғау және уәкілетті органдар бұл мәселелер бойынша шараларды кейде бей-берекет, іс-әрекеттерді қажетті үйлестірусіз жүргізетіні анықталды, ал бұл өз кезегінде жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелеріне кері әсерін тигізіп отыр.

Сөйтіп, мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шараларға қарамастан, орманды заңсыз отау мен өрттің салдарынан мемлекеттік орман қорының тым тез азаюы, атмосфераның, су қоймалары мен жер қойнауының нормадан тыс ластануы жалғасуда.

Мәселен, соңғы бірнеше жыл ішінде Павлодар облысында қылмыскерлермен ондаған мың гектар сирек кездесетін орман жолағы жойылған.

Шығыс Қазақстан облысындағы "Семей орманы" орман резерватында ағаштарды заңсыз отау мен өрт салдарынан соңғы 5 жыл ішінде 6 мың гектарға жуық орманды алқап жойылған, оның 30 пайыздан астамы реликтілі қарағай тоғайы.

Экологиялық құқық бұзушылыққа қарсы күрес мәселесі бойынша бірлескен стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың жоқтығы, заңдардың жекелеген нормаларының жетілдірілмегендігі, қандай да бір бірлескен шараларды ұйымдастыру туралы жоспардың болмауы немесе тиімсіздігі, мемлекеттік органдардың кадрлық және материалдық-техникалық дұрыс қамтамасыз етілмегендігі құқық қорғау құрылымдары мен табиғат қорғау ведомстволарының өзара іс-қимылдары деңгейінің төмендігінің негізгі себептері болып отыр.

Үйлестіру кеңесі мәжілісіне қатысушылар Орал-Каспий бассейнінде орын алып отырған браконьерлікке қарсы әрекет ету бойынша құқық қорғау мен уәкілетті органдардардың бірлесе атқарып жатқан жұмыстары деңгейінің төмендігін жан-жақты талқылады.

Жоғарыда аталған су бассейніндегі қылмыстық жағдайды талдау жұмыстары заңсыз балық аулау фактілерінің едәуір санының сақталғанын растап отыр.

Соңғы үш жыл ішінде тек шекарашылармен 800-ден астам браконьерлер ұсталып, 300-ге жуық жүзу құрал-саймандары, жүздеген шақырым балық аулары, бірнеше тонна уылдырық, ондаған тонна бекіре тұқымдас балық тәркіленген.

Соңғы уақыттарда браконьерлік неғұрлым ұйымдасқан түрге айналып, олардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі арта түсуде.

Браконьерліктің кең түрде қанат жаюына көбінесе елімізге және елден тыс балықтарды әкелу мен шығару тәртібінің сақталмауы, уылдырық өнімдерін таңбалау, су көлігі мәселелерінің реттелмегендігі, заңмен тыйым салынған балық аулау құрал-саймандарын өндіруге және оларды елге енгізуге шектеу қойылмағаны себеп болып отыр.

Жоғарыда баяндалғандарға байланысты Үйлестіру кеңесінің мүшелері Орал-Каспий бассейнінде балықтардың бағалы түрлері мен уылдырық өнімдерін заңсыз алу фактілерін анықтау мен олардың жолын кесу жұмыстарының тиімділігін күшейтуге бағытталған шаралар кешенін қолдану қажеттілігін көрсетті.

Мәжіліске қатысушылар қазақ-қырғыз және қазақ-өзбек шекараларындағы құқық бұзушылыққа, әсіресе контрабандаға, есірткі тасымалына және заңсыз көші-қонға қарсы әрекет мәселелері бойынша бірлескен шаралар жоспарын ойдағыдай жүзеге асыру, өткізу пункттерінің материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту арқылы құқық қорғау органдарының өзара іс-әрекеттерінің тиімділігін көтеру қажеттілігі туралы әңгіме қозғады.

Күн тәртібіндегі мәселелерді қарау мен оларды талқылау нәтижесінде Үйлестіру кеңесі құқық қорғау және уәкілетті органдардың аталған мәселелер бойынша өзара іс-әрекетінің сапасын күшейтуге бағытталған нақты шешімдер қабылдады.

Атап айтқанда, экологиялық құқық бұзушылыққа қарсы тиімді күрес жүргізуге бөгет болып отырған олқылықтар мен қарама-қайшылықтарды жою мақсатында үкіметке қолданыстағы заңдардың жекелеген нормаларын жетілдіру туралы ұсыныс енгізілетін болып шешілді.

Құқық қорғау және уәкілетті органдарға ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін пәрменді өзара іс-қимыл механизмін жасауға бағытталған тиісті ведомствоаралық актілер қабылдау жөнінде ұсыныс жасалды.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың жауапты құрылымдарын ұйымдық, кадрлық және материалдық-техникалық жағынан күшейту мүмкіндігін қарау да ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны