19.05.2025, 18:23 35266

Су үнемдеу үшін Қызылорда облысында 60 мың гектарға жуық күріш алқабы лазермен тегістелді

Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр 55 мың гектарды лазермен тегістеудің нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделген болатын
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысының диқандарымен кездесті. Биыл өңірде 60 мың гектарға жуық егіс алқабы лазермен тегістелді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінен.

Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр 55 мың гектарды лазермен тегістеудің нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемделген болатын. Ал орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін ұлғайды.

Айта кетсек, Үкімет ауыл шаруашылығы кооперативтерінің лазермен тегістегіштерді сатып алу шығындарын 50%-ға дейін субсидиялайды.

Сіздермен ең алғаш кездескенімде бірнеше ұсыныс айтқан едіңіздер. Өтініштеріңіз бойынша біз кооперативтерге арналған субсидия мөлшерін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайттық. Осыған дейін субсидия егістік алқабы 200 гектардан асатын шаруашылықтарға ғана төленеді деген талап бар еді. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, бұл шектеуді де алып тастадық", - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Бүгінгі таңда Қызылорда облысында лазермен тегістейтін 123 техника бар. Бұл 100 мың гектарға дейін егістік алқапты қамтуға мүмкіндік береді.

Биыл ауа райының ерекшеліктеріне байланысты Қызылорда облысында да суару маусымы әдеттегіден ертерек басталды. Жауын-шашын болмағандықтан суармалы суға сұраныс екі есе артып отыр. Бүгінде өңір диқандарын сумен қамту үшін Шардара су қоймасынан секундына 600 текше метр су жіберіліп жатыр.

Министрлігіміз Президенттің тапсырмасы бойынша судың "көлеңкелі нарығын" жою үшін маңызды шешімдер қабылдады. Енді "Қазсушар" филиалдары келісімшартқа отырған шаруа қожалықтарына ғана су береді. Заңсыз су алуға рұқсат жоқ. Жаңа Су кодексінде де осы мәселеге баса назар аударылып, жауапкершілік күшейтілді. Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді", - деді ведомство басшысы.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны