28.05.2010, 15:36 8632

Суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламалары жеткіліксіз қаржыландырылуда - Ауыл шаруашылығы вице-министрі

Суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламалары жеткіліксіз қаржыландырылуда - Ауыл шаруашылығы вице-министрі

Астана. 28 мамыр. Kazakhstan Today - Суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламалары жеткіліксіз қаржыландырылуда. Бұл туралы бүгін сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Сенаттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, дөңгелек үстелде еліміздегі суармалы егін шаруашылығы мен суармалы жерлерді тиімді пайдалануды жетілдіру мәселелері талқыланды. Шараға Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің басшысы Болат Жылқышиев төрағалық етті.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Оразаев талқылауға қатысушыларды суармалы егін шаруашылығындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар барысы туралы хабардар етті. М.Оразаев суармалы жерлер көлемінің азаюына себептердің қатарында суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламаларының жеткіліксіз қаржыландыруын (соңғы 6 жылда осы мақсаттағы іс-шараларға қажет қаржы ресурстары тек 18 пайызға ғана қанағаттандырылып келді), тауар өндірушілер мен су пайдаланушылардың, шаруашылықтардың қаржылық және материальдық-техникалық мардымсыз қамтылуын атады.

Шара барысында вице-спикер, талқыланып отырған тақырып агроөнеркәсіп саласын дамытудың басым бағыттарын айқындаған мемлекет басшысының жолдауы тұрғысында өте маңызды болып отырғанын айтты. Еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары мен үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жолдарына тоқталып өткен М.Көпеев, саладағы қатынастарды реттеуші заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Төраға орынбасарының пікірінше, суармалы жерлердің пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысын белсенді жүргізіп, ғылыми негізделген технологиялық әзірленімдерді және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсету жүйесін енгізуіміз қажет.

Дөңгелек үстел барысында баяндама жасаған салалық комитет хатшысы Қуаныш Айтаханов қатысушылар назарын суармалы жерлерді тиімді пайдалану жолындағы шараларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аспектілеріне аударды. Жер, Су кодекстері, сонымен қатар, еліміздің агроөнеркәсіп саласын одан әрі дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған көптеген маңызды нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданды.

Қ.Айтахановтың айтуынша, "Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдарға енгізілген нормалар да ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге орайластырылған.

Шара барысында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Ө.Өзбеков, Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы А.Орман, "ҰБХ "АҚ КазАгро" басқарма төрағасы А.Мамытбеков, Қызылорда облысының әкімі Б.Қуандықов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспанов, Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімі Б.Күлекеев, "Атырау Агроөнімдері" шаруа қожалығының басшысы В.Розметов, "Парамоновский" шаруа қожалығының басшысы Қ.Бейсетаев, "Экоагропродукт" ЖШС директоры С.Тамилов және басқалар сөз сөйледі.

Талқылаулардың қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны