03.12.2015, 14:50 4219

Т. Дүйсенова: Қазақстанда мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова бүгін ҚР ДСИДМ-де ҚР Премьер-министрініӊ орынбасары Дариға Назарбаеваныӊ басшылығымен өткен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеӊесініӊ отырысында хабарлады

Астана. 3 желтоқсан. Kazakhstan Today - Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова бүгін ҚР ДСИДМ-де ҚР Премьер-министрініӊ орынбасары Дариға Назарбаеваныӊ басшылығымен өткен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеӊесініӊ отырысында хабарлады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Шараға Үйлестіру кеӊесініӊ мүшелері, орталық мемлекеттік органдардыӊ өкілдері, аймақтық әкімдердіӊ орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларыныӊ басшылары, үкіметтік емес ұйымдардыӊ өкілдері қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова биылғы жылы ҚР-дағы мүгедектердіӊ құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары екінші кезеӊін жүзеге асыру шараларыныӊ аяқталатынын мәлімдеді.

"Жоспардыӊ екінші кезеӊін жүзеге асыру барысын сипаттай отырып, Қазақстанда жалпыұлттық деӊгейде кеӊ көлемді міндеттер айқындалғанын атап айту керек. Қоғамныӊ мүгедектерге деген қарым-қатынасында айтулы оӊ өзгерістер бар. Бұл - қоғамныӊ мүгедектік мәселелеріне деген көзқарасыныӊ белсенді түрде өзгеруіне себепші болатын жағымды фактор. Сонымен қатар, 2016-2018 жылдарға арналған үшінші кезеӊніӊ жобасы әзірленді. Мүгедектердіӊ құқығы туралы Конвенцияны ратификациялаудыӊ мемлекет алдына жаӊа міндеттерді қоятынын ескере отырып, үшінші кезеӊ мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін халықаралық стандарттар мен ережелерге сәйкес әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік береді", - деді ол.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Светлана Жақыпова жиынға қатысушыларды жоспардыӊ 2016-2018 жылдарға есептелген үшінші кезеӊініӊ жобасымен таныстырды. Оныӊ негізгі мақсаты - мүгедектігі бар тұлғалар өмірініӊ барлық салаларында нысандар мен қызметтердіӊ қолжетімділік механизмдерін жетілдіру.

"Үшінші кезеӊніӊ аясында мүгедектердіӊ құқығын қорғау мәселелері бойынша ұлттық заӊнаманы әрі қарай жетілдіру жоспарланып отыр. Транспорттық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарыныӊ қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады. Мүгедектікті ескерту мен алдын алу шараларына баса назар аудару жоспарланған. Сонымен қатар, инклюзивті білім беруді әрі қарай дамыту, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетудіӊ біріктірілген үлгісін енгізу, мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен белсенді түрде қамту шаралары қарастырылып отыр. Олардыӊ мәдени, спорттық шараларға қатысуына, демалыс пен бос уақыттарын өткізуге жағдай жасалатын болады. Қоғамныӊ мүгедектігі бар тұлғаларға деген жағымды қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында мүгедектердіӊ құқығы туралы Конвенцияны ұстануды бақылау механизмін енгізу және мүгедектерді қоғамға бейімдеу мәселелерін БАҚ-та түсіндіру шаралары жоспарланып отыр",- деп хабарлады Светлана Жақыпова.

Вице-министрдіӊ айтуынша, үшінші кезеӊді жүзеге асыру үшін 6,8 млрд. теӊге, оныӊ ішінде республикалық бюджеттен 3,9 млрд. теӊге, жергілікті бюджеттерден 2,9 млрд. теӊге қаражат қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, жиын барысында құрылыс нормалары мен ережелерін сақтауда мемлекеттік бақылауды күшейту, қолжетімді ортаны қамтамасыз ету талаптарын жетілдіру, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту, мүгедектігі бар балаларды инклюзивті білім беру орталарына қосу, БАҚ арқылы қоғамныӊ мүгедектік мәселелеріне деген оӊ көзқарасын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны