05.07.2019, 16:37 9213

"Түркістан" әлеуметтік даму корпоротивтік қорына 1 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы түсті

Бүгінгі күнге Арыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға көмек беру мақсатында "Түркістан" әлеуметтік даму корпоротивтік қорына 1 652 359 888 теңге, 89 тиын түсті. Оның ішінде 258 802 780 теңге, 16 тиын жеке тұлғалар шотынан түскен.

Нұр-Сұлтан. 5 шілде. Kazakhstan Today - "ТҮРКІСТАН" ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ КОРПОРОТИВТІК ҚОРЫНА 1 МЛРД. 600 МЛН. ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫ ТҮСТІ

Бүгінгі күнге Арыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға көмек беру мақсатында "Түркістан" әлеуметтік даму корпоротивтік қорына 1 652 359 888 теңге, 89 тиын түсті. Оның ішінде 258 802 780 теңге, 16 тиын жеке тұлғалар шотынан түскен.

Бұдан бөлек, қорға өзге мемлекеттерден де көмек ретінде 105 049 рубль 25 тиын және 7 810 доллар қаражат аударылған.

Сондай-ақ тұрғындарға гуманитарлық көмек ретінде 519 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек, құрылыс заттары жиналса, 493 тоннадан астамы таратылды. Қоймада 30 тоннадай қажетті заттар қалды. Гуманитарлық көмек әлі де келіп жатыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫСТЫҚТАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ 5 БАҒЫТЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгін қалалық мәдениет үйінде Өмірзақ Шөкеев арыстықтармен кездесті. Қөше белсенділері, ардагерлер, қоғамдық ұйым төрағалары және қала белсенділерімен өткен жиында облыс әкімі әлі күнге қалада төтенше жағдайдан жапа шеккендерге берілетін мемлекеттік көмектерге қатысты түрлі қауесеттің желдей есіп жүргеніне тоқталды.

Осыған орай, экономика және қаржы саласына жауапты облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев жиналғандарға өтемақы ретінде төленетін 100 мың теңге қандай тәртіппен берілетінін түсіндірді. Аталған төлем қалада 2019 жылдың 1 маусымы бойынша тіркелген тұрғындарға беріледі. Айта кетейік, Арыс қаласында 45 мыңға жуық тұрғын бар. Қала тұрғындарынан бөлек, қала маңындағы Ақдала, Ақжол, Дермене ауылдарының тұрғындарына да 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленетін болды.

Ақшалай көмек алу үшін өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, отбасының бір мүшесіне қаржыны аудару бойынша қолхат, неке қию туралы куәлік, туу туралы куәлік, дербес шот нөмірі қажет.

Сондай-ақ жиында арыстық кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек мәселесі де сөз болды. Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімінің тапсырмасымен "Қамқор" бағдарламасы іске қосылған болатын. 5 млн. теңгеге дейін берілетін 1%-дық жеңілдетілген кепілсіз несиенің уақыты - 4 жылды құрайды.

Қазіргі таңда Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп қызмет атқаруда. Олар 10 күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шығады.

Жалпы, Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысаны тіркелген, соның ішінде жарылыс кезінде 258 нысанға зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынатын болады. Тиісті қаражат бөлінуде. Қазіргі таңда қажетті кеңес алған 2 кәсіпкерге 10 млн. теңге кредит берілетін болды. Сондай-ақ кәсібін дөңгелетіп отырғандар 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босатылады.

Бұдан бөлек, гуманитарлық көмектің халыққа жеткізілуі мен бөліну тәртібі туралы сөз болды. Бүгінгі таңда қоймаға 513 тоннадан астам тұрмыстық заттар, азық-түлік, киім-кешек өзге де заттар жиналса, соның 476 тоннадан астамы гуманитарлық көмек ретінде халыққа таратылды.

2019 жылғы 4 шілдеден бастап гуманитарлық көмек аптаның әр дүйсенбісінде тек әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналарға беріледі.

Төртінші бағыт бойынша тұрғындарға үйлерді қалпына келтіру жұмыстары түсіндірілді. 748 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1 айдың ішінде толықтай аяқталады деп жоспарлануда. Апат салдарынан үй шатырының 25%-нан төмен зақым келсе, шатырдың ақауы бар бөлігі ғана ауыстырылады.

Кездесу соңында ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі әскери арсеналдың жақын арада Арыс қаласынан көшірілетінін айтып, тұрғындарды бір қуантты. Полковник Қ. Құсайыновтың айтуынша, қалада ешқандай снаряд қалмайды.

Тұрғындар да өз кезегінде өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауап алуға уақыт тапты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫС: ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРДЫҢ СЕКТОРЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Арыс қаласына келді. Өзі басқаратын өңірге тапсырылған аумақтағы құрылыс барысымен танысуға арнайы келген ол Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге тұрғындармен кездесті.

Жалпы Қарағанды облысына №5 сектордағы 11 көпқабатты үй (519 пәтер) мен 72 жеке үйдің жөндеу жұмыстары тапсырылған. Дәлірек айтсақ, шатырлары мен терезелері ауыстырылып, өзге де жұмыстар атқарылады.

Қарағандылық кәсіпкер әрі меценат Александр Бойко жергілікті тұрғындарға сыйлық ретінде спорт алаңшасын сыйға тартады.

Көпқабатты үйлердің тұрғындары құрылысты жедел жүргізіп жатқан қарағандылық ағайынға ризашылықтарын білдірді.

Бұл сектордағы ең көп зардап шеккен нысанның бірі - С.Қожанов атындағы 1200 орындық мектеп. Бұл білім ұясында жұмыстар талапқа сай атқарылып жатыр. Мектепке барып, ұстаздар қауымымен кездескен Ерлан Қошанов жұмысты уақтылы аяқтайтынын айтты. Мектеп ұжымына спорттық құрылғыларды сыйға тартты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫС ҚАЛАСЫНДА 181 ҮЙ ТОЛЫҚ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

Арыс қаласын жарылғыш заттардан түгелдей тазарту жұмыстары жалғасуда. Шаһар тұрғандарына айта кетерлігі, қауіпті деп танылған заттарды байқаған жағдайда 102,112 нөмірлеріне хабарласу керектігін ескертеміз! Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігінің мәжіліс залында өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Ермиян Бятов мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі таңда тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ.

Журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Қорғаныс министрілгінің өкілі, Арыс қаласының тұрғындарынан қоңыраулар толассыз келіп түсіп жатқанын жеткізді.

"Жалпы бүгінгі таңға дейін 30 700 жарылғыш оқ дәрілердің бөлшектері табылған. Қазіргі уақытта осы табылған фрагменттер қаладан 60 шақырым тысқары орналасқан арнайы полигонға жеткізілген.

Алдағы уақытта оның барлығы жойылатын болады. Яғни адам өміріне қауіпті емес" - деді Е. Бятов.

Әлі де жарылысқа байланысты қызметтік тексерістің жүргізіліп жатқандығын жеткізген жауапты басшылар, оқ дәрілер сақталған қойманың көшірілетінін тағы да айтып өтті.

Айта кетерлігі, 17 сектор бойынша барлық үйлер жөнделуде. Баспаналардың бүлінген шатырынан бастап, жарылған қабырғалар мен сынған терезелер қалпына келтірілуде.

Қосымша секторларға бөлінген қызметкерлер ақау актілерін түзумен айналысуда. Облыс пен аудандардан 1500-ден астам құрылысшылар жұмылдырылған.

Бүгінгі таңда 700-ден астам тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталған. 4 шілдедегі ақпарат бойынша, Арыс қаласында 181 үйдің ақаулары толығымен қалыпқа келген. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадірбектің мәліметінше, бүгінгі күні шаһарда тұрғындар күнделікті өмірге қалыптасу үшін барлық жағдайлар жасалған. Қаланың ішінде 30 шақты дүкендер жұмысын бастады. 4 наубайхана сұранысқа сай нан пісіріп, қызметіне кіріскен. Автопарктер де толығымен жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар, жергілікті халық атаулы әлеуметтік көмек, жалақы, зейнетақы сынды төлемдерді түгел алуда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АРЫС ҚАЛАСЫНДА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Арыс қаласының орталық алаңында жергілікті тұрғындарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 50-ге жуық тауарөндірушілер, 180 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері қойылды. Өнімдер қала тұрғындарына базар нарқынан 30 пайызға төмен бағада ұсынылды.

Жәрмеңкеге жеткізілетін өнімдер барлық аудан, қалалардың даму басымдылықтарына сәйкес өндіріліп, жинақталған.

Айта кетерлігі, жәрмеңкеге жеткізілетін ет және ет өнімдерінің жалпы көлемі - 22,5 тонна, көкөністің жалпы көлемі - 54,5 тонна, сүт өнімдерінің жалпы көлемі - 24,4 тонна, бақша өнімдерінің жалпы көлемі - 41 тонна, жеміс-жидектің жалпы көлемі - 16,7 тонна, әселдің көлемі - 2 тонна, балықтың көлемі - 5 тонна.

Бұдан бөлек, жәрмеңкеге облысқа танымал өнерпаздар қатысып, арыстықтарға өз концерттік бағдарламаларын ұсынды. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындарға арналған жәрмеңке жалғасын табатын болады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

Құрметті Арыс қаласының тұрғындары!

Арыс тұрғындарына 100 мың теңгенің тағайындалуына қатысты керекті құжаттар тізімі жөнінде әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратылып жатыр. Осыған орай Арыс қаласының халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, анықтама алушы жұрттың қарасы көбейген. Алайда ол ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Мемлекет тарапынан берілетін бір реттік көмекті алу үшін барлық мәліметтер Түркістан облысы полиция департаментінің деректер базасынан алынады.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев 3 шілдеде өткен брифингте"Жәрдемақы алатын барлық тұрғын жайлы ақпаратты полиция департаментінен аламыз. Оған бола арнайы құжаттар жинаудың қажеті жоқ. Тек жеке бастарыңызды куәләндыратын құжаттарыңыз болса жеткілікті. Арыс бойынша 17 штаб құрылған. Осы штаб қызметкерлері түгендеу жұмыстарын атқарады", - деп мәлімдеген болатын.

Айта кетейік,бір реттік көмекті алу үшін анықтамалар жинап жатқан азаматтардан бөлек, тұрғындар баспананың жөндеу жұмыстары үшінжылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар жөніндегі анықтамаларды сұратып жатыр, кәсіпкерлерге 1%-дық жеңілдікпен берілетін несиені рәсімдеушілер де "несиелер тарихы туралы" анықтаманы алу үшін ХҚО-ға барған.

Осыған байланысты Арыс тұрғындарын жалған ақпараттың жетегінде кетпей, ресми мәлімдемелерге құлақ асуын сұраймыз.

АРЫСТЫҚТАР АҚСАҚАЛДАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ

Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы мен этномәдени орталық өкілдері Арыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Арыс қаласына арнайы барған алқа мүшелері "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қорына 1 млн. 700 мың теңгеден астам қаржы аударды.

Облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібековтың қабылдауында болып, жүзеге асып жатқан жұмыстармен танысты.

"Бүгінде облыстық ақсақалдар алқасының қолға алуымен көптеген игі істер жүзеге асып жатыр. Ең бастысы, тойға тәртіп орнатылды. Жастар тәрбиесіне де баса мән беріліп отыр. Ал қиын кезде Арыстық ағайындардың да қасынан табыла білген алқа мүшелері мен этномәдени орталық өкілдері өзіндік көмектерін көрсетуде", - деді Ұ. Сәдібеков.

Ал Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сапар Дәрібай көпшіліктің атынан ақсақалдарға ризашылығын білдірсе, Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғани Рысбеков игі іске ұйытқы болған ел ағаларына алғыс айтты.

Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған ақсақалдар тұрғындармен жүздесіп, жағдайларымен танысты.

Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

БАЛАБАҚШАДА ҚАЛЫП ҚОЙҒАН БАЛАНЫ АМАН АЛЫП ҚАЛУ ҮШІН ПОЛИЦЕЙЛЕР ӨЗ ӨМІРЛЕРІН ҚАТЕРГЕ ТІККЕН

Арыс қаласында орын алған жарылыс кезінде балабақша қызметкерлері не істерлерін білмей есеңгіреп қалғандарын айтады. "Ұлбала ана" балабақшасы меңгерушісінің айтуынша, жарылыс болған сәтте, бар ойлары бүлдіршіндерді аман-есен ата-аналарына тапсыру болған. "Алғашқыда балаларға төсектің астына тығылыңдар дедік. Далаға шығып, жарылыстың жақын арада тоқтамасына көзіміз жетіп, екі машинаға балаларды бөліп салып, қаладан қашып шықтық. Қаладан шыққанда балалар отырған көліктер екі жаққа бөлініп кетіп, Ақжар деген ауылға келгенде бір-бірімізбен кездестік. Сөйтіп, балаларды түгендегенімізде, бір баланың жоқтығы белгілі болды. Яғни, балаларды көлікке отырғызамыз деп жанталаласып жүргенде, ол балабақша ішінде қалып қалған екен. Содан қайтып қалаға барып, баланы алып шығайық десек, аспанға ұшып жатқан снарядтардан қалаға кіру мүмкін емес, оның үстіне мұнда оданда көп балаларымыз бар. Дегенмен, біреулерден көмек сұрап көрейік деп Арысқа қарай кетіп бара жатқан көліктерді тоқтатсақ, ешқайсысы тоқтамайды. Амалымыз құрып тұрғанда, патрульдік полицияның көлігі келіп қалды, ішінде 3 полицей бар. Бізден болған жайтты анықтап сұраған олар, Арысқа барып, жаңағы кішкентай баламызды әкелетіндіктерін айтып, қала жаққа кете барды. Менің күйеуімде еріп кетті. Күйеуімнің айтуынша, Арысқа жеткен кезде, снаряд түсіп, бомба жарылып жатқан аймаққа кіру кез-келгеннің қолынан келмейді екен. Қазір кіретін болсаңдар, қайта шығуларың екіталай деседе, полицейлер қорықпай қалаға кіріп кетіпті. Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тігіп, "Южный" мөлтек ауданында орналасқан аталған балабақшаға барады. Мекеме ішін түгел тексеріп, өзге ешкімнің жоқтығына көздерін жеткізген тәртіп сақшылары, қорқып қалған баланы тауып, суын беріп, оны балабақшадан шығарып, аман-есен біздерге жеткізіп берді. Бұл жасалған дүниелердің барлығын - ерлік деп санаймыз деп сөзін аяқтады балабақша меңгерушісі. Одан ары тәрбиешілерде әріптестерінің сөзін жалғап, мына заманда өзінің басын, өзгенің өмірі үшін қауіпке тастайтын азаматтардың барына қуанғандарын және полицейлердің ерліктеріне бас иетіндіктерін жарыса айтты. Ал, біреуі тіпті бұған дейін полицейлер туралы ойы басқаша болғанын айтып, солай ойлағаны үшін ұялып қалғанын жеткізді. Өйткені полицейлердің осындай қиын шақтарда халыққа көмек беріп, кішкентай баланы аман алып қалуы көзсіз батырлық деп санаймын. Мұндай антына адал қызметкерлер кез-келген марапатқа лайық деп айта аламын деп пікірін білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, маусым айының 24-і күні Арыс қаласында әскери бөлімшедегі қоймада жарылыс орын алып, Арыстықтарды әбігерге түсірген еді. Тыныш жатқан ел бір мезетте ойрандалып, оқ жауған қаладан жапа-тармағай қауіпсіз аймаққа қаша жөнелді. Тұрғындар бала-шағаларын жақындарын ертіп, кейбіреулері бір-біріне қарамастан, қалайда аман қалу мақсатында басы ауған жаққа қарай кете барды. Арыс қаласындағы алапат жарылысты сөндіру, адамдарды эвакуациялау мақсатында құзырлы органдарда тез арада келіп жетті. Барлығы қолдан келгенше әрекет етіп, жүйелі жұмыс жасады. Зардап шеккен тұрғындардың басым бөлігі Шымкент қаласы мен Түркістан қаласындағы арнайы эвакуациялық орталықтарына жеткізілді. Президентіміз бастаған билік басындағылар келіп, халықпен бірге екендіктерін көрсетті. Арыстықтардың баспанасы, жағдайы бұрынғы қалпына келуі үшін барлық шараларды қарастыратындарын айтып, уәде берді. Жаман жаңалық тез тарайды дегендей, бүкіл ел дүрлігіп, Арыс қаласы тұрғындарының жай-күйін уайымдап, Қазақстанның барлық аймақтарынан тонналап азық-түліктер жеткізілді. Бір күнде үй-күйсіз қалып, бар жиған-тергенінен айырылған жерлестеріне Қазақстандықтар қолдау білдіріп жатты. Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінен 300-ден астам полицейлер қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың мал-мүліктерінің сақталуын қамтамасыз етті. Қаланы снарядтардан тазартқан соң, 28 маусым күні Арыстық азаматтар қалаға кіргізіліп, үйлеріне қайтарыла бастады. Иә, мұның бәрі түс көргендей орын алып, жұртты есеңгіретті. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл",-дегендей, белгілі кәсіпкерлер белгілі бір сомада қаржы бөлсе, түрлі саладағы қызметкерлер бір күндік жалақыларын аударды, қарапайым халқымыз барын беріп, мемлекетіміз кең көлемде қолдау білдіріп, 1 ай көлемінде Арыс қаласын бұрынғы қалпына келтірмек. Бүгінгі таңда, осы жолдағы қарқынды жұмыстар басталып та кетті.

ТО ПД баспасөз қызметі

Айдана Қанатбекқызы

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны