Система Orphus

Төтенше жағдайдан кейінгі еңбек нарығы: бос жұмыс орындары мен түйіндемелер саны артты

14.05.2020, 19:55 7723

Алматы. 14 мамыр. Kazakhstan Today -Төтенше жағдайдан кейінгі еңбек нарығы: бос жұмыс орындары мен түйіндемелер саны артты.

Карантин шараларын кезең-кезеңмен жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Қазақстанда еңбек нарығының жандануына әкелді. Бүгінде Электронды еңбек биржасының базасында 125,4 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Рrimeminister.kz елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейінгі уақыттағы еңбек нарығына талдау жасады.

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ мәліметтері бойынша бос жұмыс орындарының санының күрт азаюы наурыз айында байқалған - 68,9 мыңнан 34,2 мыңға дейін төмендеген. Жұмыс іздеушілерден келіп түскен түйіндемелер саны да 29 мыңнан 20,1 мыңға дейін азайған. Алайда карантин шараларын кезең-кезеңмен жеңілдету және кәсіпорындардың жұмысқа кірісуі нарықты жандандырды, бүгінде Электронды еңбек биржасының базасында 75,7 мың түйіндеме орналастырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жұмыс орындарын құру мен жұмыссыз азаматтарды еңбекке орналастыруға ерекше көңіл бөледі. 11 мамырда өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Президент қаржыландырылатын жобалар есебінен жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын атап өтті. Мәселен, биыл "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын іске асыруға бюджеттен 1 трлн теңге бөлінген.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында әлеуметтік нысандарды, инженерлік-көлік инфрақұрылымын, суару және ирригациялық жүйелерді, ТКШ нысандарын жөндеу және салу, елді мекендерді абаттандыру бойынша 6,5 мыңнан аса инфрақұрылымдық жобалар қарастырылған. Соның арқасында 255 мың жұмыс орны құрылады.

Жалпы, барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту көзделген, оның ішінде 235 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Еңбек нарығында қандай мамандар көп сұранысқа ие?

Еңбек ресурстарын дамыту орталығында атап өткендей, жалпы Қазақстан бойынша ең көп сұранысқа үш мамандық ие - мейіргерлер, күзетшілер мен жүргізушілер. Осы мамандықтар аса тапшы, себебі жұмыс берушілердің сұранысы жұмыс іздеушілердің санынан біршама артық. Мәселен, бүгінде Электронды еңбек биржасының базасында 2,3 мың мейіргердің түйіндемесі мен 2,6 мың жүргізушінің түйіндемесі бар. Түйіндеме саны бойынша үшінші орында - заңгерлер. Бірақ жұмыс берушілердің арасында бұл мамандыққа сұраныс аз.

Түйіндемелер саны бос жұмыс орындарының санынан асатын тағы екі мамандық - іс жүргізушілер мен дене шынықтыру және спорт мұғалімі.

Бар бос жұмыс орындарының саны бойынша көш басында Қостанай облысы (17,7 мың), Нұр-Сұлтан (15,8 мың), Қарағанды облысы (10,9 мың). Бос жұмыс орындарының саны ең аз өңірлер Маңғыстау облысы (3,1мың), Қызылорда облысы (3,6 мың), Солтүстік Қазақстан облысы (3,6 мың). Бұл ретте осы облыстарда жұмыс іздеп жүрген адамдар саны ең көп. Мәселен, Түркістан облысында - 8,9 мың, Маңғыстау облысында - 6,9 мың және Қызылорда облысында - 6,5 мың түйіндеме тапсырылған. Орта есеппен, Маңғыстау облысында 100 бос жұмыс орнына 219 түйіндемеден, Қызылорда облысында - 182 түйіндемеден, Түркістан облысында - 112 түйіндеме, Алматы облысында - 105 түйіндемеден келеді. Ал Қостанай облысында жағдай керісінше - 100 бос жұмыс орнына 16 түйіндемеден келеді, Нұр-Сұлтан қаласында - 26 түйіндеме, Алматы қаласында - 27 түйіндеме.

Қазақстанда бос жұмыс орындары көп салалар

Кәсіби топтар бөлінісінде жалпы елімізде кәсіби мамандар - 36,6 мың бос жұмыс орны, қызмет көрсету және сату саласының қызметкерлері - 21,2 мың бос жұмыс орны, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас кәсіптер өнеркәсібінің жұмысшылары - 19,5 мың бос жұмыс орнымен аса сұранысқа ие.

Кәсіби мамандар жұмыс іздеушілер қатарында да басым. ЭЕБ базасында осы санаттағы қызметкерлер бойынша 26,9 мың түйіндеме орналастырылған. Түйіндеме саны бойынша екінші орында техник мамандар және басқа да қосалқы кәсіби қызметкерлер - 14,6 мың түйіндеме және өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас кәсіп мамандары - 9,9 мың түйіндеме.

Сонымен қатар бос орындары санының кәсіби топтар бөлінісінде түйіндемелер санынан көп болуы байқалады. 100 бос жұмыс орнына түйіндеменің ең аз саны қызмет көрсету және сату саласының қызметкерлерінде - 41, өндірістік құрал-жабдықтар операторларына, құрастырушылар мен жүргізушілерге - 44, фермерлерге, ауыл және орман шаруашылығының жұмысшыларына, балық шаруашылығы мен балық аулауға - 46.

Кәсіби топтар бойынша кәсіби мамандарға ең көп бос жұмыс орындары Нұр-Сұлтанда - 3,7 мың бос жұмыс орны, Қостанай облысында - 3,7 мың бос жұмыс орны, Қарағанды облысында - 3,4 мың бос жұмыс орны орналастырылды.

Кәсіби мамандар Қызылорда облысында - 1,1 мың бос жұмыс орны, Солтүстік Қазақстан облысында - 1,3 мың бос жұмыс орны, Маңғыстау облысында - 1,4 мың бос жұмыс орны көрсеткішімен ең аз сұранысқа ие болды.

Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас қызметтердің жұмысшылары Нұр-Сұлтанда - 3,5 мың бос жұмыс орны, Қостанай облысында - 2,5 мың, Қарағанды облысында - 2,3 мың бос жұмыс орны үлкен сұранысқа ие. Осы санаттағы жұмысшыларға аз сұраныс Қызылорда облысында - 306 бос орын, Маңғыстау облысында - 314 бос орын, Алматы облысында - 356 бос орын тіркелген.

Техник мамандар мен өзге де қосалқы кәсіби қызметкерлер Қостанай облысында - 2,7 мың бос жұмыс орны, Нұр-Сұлтанда - 2,1 мың бос жұмыс орны, Түркістан облысында - 1,7 мың бос жұмыс орны аса сұранысқа ие. Осы кәсіптік санат үшін ең аз бос жұмыс орындарының саны Солтүстік Қазақстан облысында - 479 бос орын, Маңғыстау облысында - 526 бос орын, Қызылорда облысында - 563 бос орын орналастырылды.

Қызмет көрсету және сату саласының қызметкерлері Қостанай облысында - 3,7 мың бос орын, Алматыда - 3,1 мың бос орын, Нұр-Сұлтанда - 2,4 мың бос орынмен аса сұранысқа ие. Қызметкерлердің бұл тобына Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында сұраныс аз болды, онда әрқайсысында 600-ден аз бос жұмыс орны орналастырылған.

Жұмыс берушілер өндірістік жабдықтар операторлары, жинаушылар мен жүргізушілер үшін ең көп бос жұмыс орындарын Қостанай облысында - 3,5 мың бос жұмыс орнын, Нұр-Сұлтанда - 2,6 мың бос жұмыс орнын орналастырды. Бұл санатқа ең аз сұраныс Маңғыстау облысында - 260 бос орын және Алматы облысында - 358 бос орын орналастырылған.

Түркістан облысында ауыл және орман шаруашылығы, балық өсіру және балық аулау жұмысшылары мен фермерлер үшін 630 бос жұмыс орны орналастырылды, ал қалған өңірлер осы кәсіби топ үшін 100-ден аз бос жұмыс орнын орналастырды.

Басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге ең үлкен сұраныс Нұр-Сұлтанда - 468 бос жұмыс орны, Қарағанды облысында - 343 бос жұмыс орны, Шығыс Қазақстан облысында - 333 бос жұмыс орны, Қостанай облысында - 325 бос жұмыс орны орналастырылған.

Айта кету керек, сұраныс пен ұсыныс еліміздің әр түрлі бөліктерінде жиі кездеседі. Мәселен, өңірлер бөлінісінде кәсіби мамандар түйіндемелерінің ең көп саны Түркістан облысында орналастырылды - 4 мыңға жуық түйіндеме. Мұнда жұмыс іздеушілер - техниктер мен өзге де қосалқы кәсіби қызметкерлер саны көп тіркелген - 2,8 мың түйіндеме.

Алматы облысында қызмет көрсету және сату саласы қызметкерлерінің түйіндемелері көп орналастырылды - 713. Атырау және Маңғыстау облыстарында өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас қызметтер мамандары көп екені белгіленді - тиісінше 1,5 мың және 1,3 мың түйіндеме. Өндірістік жабдықтар операторларының, құрастырушылар мен жүргізушілердің түйіндемелері Атырау облысында көп орналастырылды - 869 түйіндеме.

Орналастырылған түйіндемелер мен кәсіби топтардың құрылымы бойынша жұмыс іздеушілер басшылар мен мемлекеттік қызметшілер бойынша Нұр-Сұлтанда көп орналастырылған - 7%.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны