14.09.2009, 09:20 1906

Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансерде болған өрттің себептерін зерттеуді үкімет басшысы айрықша бақылауға алды

Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансерде болған өрттің себептерін зерттеуді үкімет басшысы айрықша бақылауға алды

Астана. 14 қыркүйек. Kazakhstan Today - Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансерде болған өрттің себептерін зерттеуді үкімет басшысы айрықша бақылауға алды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің арнайы қаулысымен Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансерде болған өрттің зардаптарын жою және қайтыс болғандардың отбасыларына көмек көрсету мақсатында үкіметтік комиссия құрылды.

Еліміздің премьер-министрі комиссияға қайғылы оқиғаның себептерін мұқият тексеріп, өрттің зардаптарын жою және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін түбегейлі шараларды қабылдауды тапсырды.

Өрт қыркүйектің 13-і күні таңғы 05 сағат 28 минутта болған. 1951 жылғы қамыстан салынған ғимаратта шыққан өрт 09 сағат 03 минутта толық ауыздықталды.

Өрт кезінде ғимаратта 78 адам болған, 40 адам құтқарылды. Алдын ала мәлімет бойынша 38 адам қаза болған.

Үкіметтік комиссияны вице-премьер Серік Ахметов басқарды. Оның құрамына төтенше жағдайлар министрі В.Божко, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, құқық қорғау органдарының басшылығы, Алматы облысының әкімі және өзге де жауапты тұлғалар кірді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 13 қыркүйекте 05 сағат 28 минутта Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің байланыс құралдарының орталық жедел басқару пультіне Талдықорған қаласындағы "Облыстық наркологиялық диспансер" мемлекеттік мекемесі ғимараты өртеніп жатқаны туралы кезекші медбикеден хабар түсті.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 05 сағат 29 минутта Талдықорған қаласының №1 арнайы өрт сөндіру бөлімі мен №21 өрт сөндіру қызметінің бірінші кезекші ауысымынан жеке құрамның 12 адамы мен АЦ-7-40, АЦ-8-40 және АЦ-6-40 өрт сөндіру автоцистерналары шақырылған жерге аттандырылды.

Оқиға орнына 05 сағат 33 минутта келіп жеткен жедел топ "Облыстық наркологиялық диспансер" денсаулық сақтау мемлекеттік мекемесінің мамандандырылған емдеу-профилактикалық бөлімінің 73 адам болған жатын бөлмесінің шамамен 650 шаршы метр аумағы жалынға оранғанын анықтады.

Өрт сөндірушілер бірінші басшысының Алматы облысы гарнизонының шақыруға шығу кестесіне сәйкес 05 сағат 34 минутта өрт шыққан жерге Талдықорған қаласындағы №21, Қарабұлақ, Балпық би кенттерінің өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары - 23 бірлік өрт сөндіру техникасы мен 12 адамдық жеке құрамы қосымша тартылды. "Көркейту" және "Жетісу-Су арнасы" ұйымдары сыйымдылығы 2-ден 4 тоннаға дейінгі төрт бірлік су таситын машиналармен су тасуды жіті ұйымдастырды, сондай-ақ өрт ошағынан 150 метр жерде өрт гидранттарынан магистралдық желі тартылды. Облыстың құтқарушы күштері аурулар мен медицина қызметкерлерін қауіпсіз жерге көшірді.

05 сағат 56 минутта өрт болған жерде Алматы облысының әкімі басқарған өрт сөндіру жедел штабы құрылды, оған Талдықорған қаласының барлық шұғыл қызметтерінің өкілдері енді.

06 сағат 30 минутта тілсіз жау ауыздықталды, ал 09 сағат 03 минутта толық жойылды.

Өрт кезінде мұнда 73 адам, оның ішінде 68 науқас пен 5 медицина қызметкерлері болған, алдын- ала мәліметтер бойынша төтенше жағдайдың салдарынан 38 адам қазаға ұшырады, оның 36-сы аурулар және 2-і диспансер қызметкері. 40 адам құтқарылды және қауіпсіз жерге көшірілді, оның 37-сі аурулар және 3-і медицина қызметкері.

Өрттің тез өрістеп кету себебі өртке қарсы қызметке кеш хабар берілгенінен болды. Төтенше жағдайды жоюға барлығы 8 бірлік негізгі өрт техникасы, 1 бірлік арнайы өрт техникасы, ҚР ТЖМ жеке құрамының 45 адамы қатыстырылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны