21.12.2009, 16:19 3326

Тексерістің нәтижелері бойынша Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері жазаланды - ҚР ІІМ

Тексерістің нәтижелері бойынша Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері жазаланды - ҚР ІІМ

Астана. 21 желтоқсан. Kazakhstan Today - Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті 19 қазанда Алматы қаласында болып, бірнеше адам қаза тапқан "Тойота Камри" мен "Порше Кайен" автомашиналарының соқтығысуын тергеу кезіндегі полиция қызметкерлері іс-әрекеттерінің заңдылығына тексеріс жүргізді. Тексерістің нәтижелері бойынша Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері жазаланды.

Бұл туралы ҚР ІІМ-нің тіл саясаты және ақпарат департаментінің жетекшісі Қуанышбек Жұманов бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Тексерістің және ІІМ тәртіптік комиссиясы отырысының нәтижелері бойынша министр Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің қызметкерлерін жазалау туралы бұйрыққа қол қойды. Осы бұйрықпен ІІД-нің Анықтау басқармасы жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы полиция қызметкерінің атағына кір келтіргені, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын бұзғаны, осы жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу кезінде әуре-сарсаңға жол бергені үшін ішкі істер органдарынан қызметтен босатылды",- деді Қ.Жұманов.

"Қылмыстық істі тергеу кезінде әуре-сарсаңға әкеп соққан қарамағындағылардың қызметіне бақылаудың болмағаны үшін Анықтау басқармасының бастығы мен басқарманың бөлім бастығы атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.

Кәсіби этиканы бұзғаны үшін қаланың ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді.

Сонымен қатар қылмыстық істі тергеу кезінде ведомстволық бақылаудың болмағаны үшін Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді",- деді ІІМ өкілі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қалалық ІІД төрағасының орынбасары Мұрат Үрімхановқа қатаң сөгіс жарияланып, ІІД-нің анықтау басқармасының бастығы Талғат Нүсібалиев қызметтен шеттетілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР ІІМ-дегі ақпарат көзіне сілтеме жасап.

"ІІД-нің анықтау басқармасының бастығы, полковник Талғат Нүсібалиев қызметтен шеттетілді ", - деп хабарлайды ақпарат көзі.

Сондай-ақ, Алматы қалалық ІІД төрағасының орынбасары, полковник Мұрат Үрімхановқа қатаң сөгіс жарияланды.

"Ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Болат Жылқыбаевқа қызметке жарым-жартылай лайықты екендігі туралы ескерту жасалды", - деп хабарлайды ақпарат көзі.

Оның айтуынша, бұл Алматыда үш адамның өліміне алып келген жол апатын шығарған Илібек Қайымсұлтановтың ісіне байланысты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны