24.06.2008, 16:43 2927

Теміртауда "Нұрбанк" кеңсесіне қарулы қарақшылық шабуыл жасау қылмысы әшкереленді

Теміртауда "Нұрбанк" кеңсесіне қарулы қарақшылық шабуыл жасау қылмысы әшкереленді

Қарағанды. 24 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Теміртау қалалық ІІБ Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері Теміртаудағы "Нұрбанк" кеңсесіне қарулы қарақшылық шабуыл жасау қылмысын әшкереледі, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Бір күдікті өзін -өзі өлтірген. "Жұма күні күндіз полицияға "Жастар" спорт кешенінің құрылысын салып жатқан жұмысшылардан белгісіз бір жас жігіттің орман алқабында өзін-өзі атқаны туралы хабар келді", - деді Шығыс полиция бөлімінің тергеу бөлімінің бастығының орынбасары Аян Шермағанбетов.

"Біз спорт кешенінің аумағындағы орман алқабынан жүрегінің тұсынан оқ тиген 25 жастағы қарағандылықтың мәйітін таптық. Оның жанында аңшы қаруы жатыр екен", - деді ол.

Шұғыл шаралардың барысында бұл жігіттің жігіттің 18 маусымда Теміртаудағы "Нұрбанк" кеңсесіне қарулы қарақшылық шабуыл жасағандардың бірі екені анықталды.

Сенбі күні банк филиалына шабуыл жасаған екенші күдікті - 22 жастағы Қарағанды тұрғыны құрықталды. Ұсталған айыбын мойнына алды. Ол өзінің досымен бірге "Нұрбанк" филиалын тонауға шешім қабылдағанын жеткізді.

Күдікті қазір уақытша тергеу абақтысында отыр. Ақша жартылай тәркіленді, оның бір бөлігін тонаушылар жұмсап үлгерген.

Ал банкке қарақшылық шабуыл жасағандардың бірінің өз өмірін қию себебі анықталу үстінде.

ҚР Қылмыстық кодексінің 179-бабы (қарақшылық шабуыл) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Теміртауда 18 маусымда "Нұрбанк" кеңсесіне қарулы қарақшылық шабуыл жасалды.

Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 16 сағат 05 минутта бес қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан "Нұрбанктің" Орталық банк жүйесі басқармасының ғимаратында екі белгісіз ер адам "Күзет-А" ЖШС мекемесінің 31 жастағы күзетшісіне шолақ мылтық кезеніп қорқыту арқылы операциялық залдан 1000 доллар, 8500 ресей рублі мен бес оғы бар Италияда өндірілген "Наполеон" жарақаттағыш қаруын иемденіп алған.

Банк операторы полицины көмекке шақырған, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Материалдық шығын көлемін банк әкімшілігі анықтауда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны