23.06.2022, 16:46 35666

Тоқаев 1 қазаннан бастап тергеушілер мен жедел-іздестіру қызметкерлерінің жалақысын көтеруге уәде берді

НҰР-СҰЛТАН. 23 МАУСЫМ - Биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі, деп хабарлады бүгін Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемақы белгілеу құқығы берілді. Менің тапсырмама сәйкес биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі. Біз полиция қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғауды жақсарту үшін кешенді шараларды жалғастырамыз", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметінің көбінесе адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қауіпті мамандық екенін атап өтіп, Тәуелсіздік жылдарында қызмет бабында 815 қызметкердің қаза тапқаны, 4,5 мыңнан астамы жарақат алғаны туралы дерек келтірді. 
 

Құқық қорғау органдарында қызмет атқарудың жастар үшін тартымды әрі мәртебелі болуы маңызды",- деді Президент.

 
Мемлекет басшысы соңғы кездері құқық қорғау органдарының қызмет бабын асыра пайдалануына қатысты шағымдардың жиілеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ мамыр айында отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде кәсіпкерлердің көпшілігі тікелей қысым көріп жатқаны туралы шағымданғанын айтты.
 
Президент Экономикалық тергеу қызметінің өңірлердегі жұмысына жағымсыз пікірлер көптеп түсіп жатқанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшының айтуынша, заңсыз әрекеттерден Ішкі істер министрлігі қызметкерлері де тысқары емес. Кейбірі жемқорлыққа қатысты айтылып отыр.
 

Бұл бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Қаржы мониторингі агенттігінің күшін алаяқтыққа, қаржы пирамидаларына, капитал мен ресурстарды шетелге заңсыз шығару фактілеріне бағыттау керек. Агенттік көлеңкелі экономикамен күресетін негізгі мемлекеттік органға айналуға тиіс. Біз қоғамда жоғары құқықтық мәдениет және сыбайлас жемқорлық пен заңсыздықтың кез келген көріністеріне берік иммунитет қалыптастыруымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы азаматтардың бәріне тең мүмкіндік беретін қоғам құру, соның ішінде әйелдер мен балалардың құқығын қорғау басты міндет екенін атап өтті. 
 

Тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды. Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді. Жалпы, бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек. Үкіметке және әкімдерге осы жұмысты қолға алуды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны