02.06.2021, 21:17 15531

Тоқаевқа Қашағанды игеру қарқыны мен Теңіз кен орнын кеңейту бағытындағы жұмыстар туралы айтылды

Қазақстан мен Exxon Mobil корпорациясы арасындағы ықпалдастықтың перспективалары, көмірсутегі саласындағы бірқатар жобалардың жүзеге асырылуы, "жасыл" технологияларды енгізу, сондай-ақ, әлемдік энергетика нарығындағы қазіргі ахуал талқыланды.
НҰР-СҰЛТАН. 2 МАУСЫМ - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Exxon Mobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чапманды қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Кездесу барысында Қазақстан мен Exxon Mobil корпорациясы арасындағы ықпалдастықтың перспективалары, көмірсутегі саласындағы бірқатар жобалардың жүзеге асырылуы, "жасыл" технологияларды енгізу, сондай-ақ, әлемдік энергетика нарығындағы қазіргі ахуал талқыланды.
 
Мемлекет басшысына Қашағанды игеру қарқыны мен Теңіз кен орнын кеңейту бағытындағы жұмыстар баяндалды.
 
Президент корпорацияның елімізбен серіктeстік орнатқан 28 жыл ішінде Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
 
Нил Чапман Exxon Mobil үшін Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтіп, өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар америкалық кәсіпкер мұнайдың әлемдік нарығын одан әрі дамыту жөніндегі ой-пікірін ортаға салып, аталған саладағы өзекті мәселелер туралы айтты.
 
Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин "Exxon Mobil" компаниясының аға вице-президенті Нил Чапманмен кездесу өткізді. Тараптар көмірсутегі шикізатын барлау, өндіру және тасымалдау салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды – ТШО-ның болашақ кеңейту жобасы мен Сағалық қысымды басқару жобасын іске асыру, Солтүстік Каспий жобасын дамыту және "Каспий Құбыр Консорциумы" мұнай құбырын жаңғырту мәселелерін талқылады. 
 

Қашаған кен орнын одан әрі игеру келешегіне ерекше назар аударылды. 2020 жылы мұнда 15,1 млн тонна мұнай өндірілді, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 7,1%-ға артық. 2021 жылы 15,15 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған", - деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

 
Мұнай-газ химиясы саласындағы — полиэтилен және жоғары қайта өңделген басқа да өнімдер өндіру саласындағы бірлескен жобаларды дамыту перспективалары талқыланды. Үкімет басшысы Қазақстанда мұнай-газ химиясы өндірістерінің жобаларын іске асыру кезінде "Exxon Mobil" тәжірибесін зерделеу үшін жұмыс тобын құруды тапсырды. 
 
А. Мамин ҚР аумағында "Exxon Mobil" бірегей жабдығының өндірісін жергіліктендірудің, компанияның сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін арттырудың, заманауи экологиялық таза технологияларды қолданудың, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі саласында жоғары стандарттарды сақтаудың, сондай-ақ Қазақстанда әлеуметтік жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. 
 
 "Exxon Mobil" – ҚР ірі инвесторларының бірі. 1993 жылдан бастап компания Қазақстан экономикасына $26 млрд астам инвестиция салды. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны