01.10.2021, 20:24 102433

Тоқаев алыс және жақын шетелдерге бірқатар сапар жасайды

НҰР-СҰЛТАН. 1 ҚАЗАН - Қасым-Жомарт Тоқаев жақын және алыс шетелдерге бірқатар сапар жасайды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.
 

Алдағы айларда да Президенттің жұмыс кестесі өте тығыз болмақ. Атап айтқанда, жақын және алыс шетелдерге сапармен бару, бірнеше саммитке қатысу, сондай-ақ Қазақстанға келетін жоғары лауазымды шетелдік қонақтармен кездесу және басқа да маңызды сыртқы саяси іс-шаралар жоспарланған", - деп жазды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те.

 
Оның айтуынша, Кейінгі айларда Қазақстанның сыртқы саяси белсенділігі едәуір артты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты және көпжақты форматта өткен бірқатар ірі жиынға, соның ішінде Түрікменстандағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативті кездесуіне, Тәжікстандағы ҰҚШҰ мен ШЫҰ саммиттеріне қатысты, Корея Республикасына мемлекеттік сапармен және Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды. Сонымен қатар Душанбеде Иран Президентімен және Пәкістанның Премьер-министрімен жеке-жеке кездесулер өткізді. 
 
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ның бейресми саммитінде, Шығыс экономикалық форумында және Қазақстан мен Ресей арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумында бейнебайланыс режимінде сөз сөйледі. 
 
21-28 қыркүйек аралығында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясы аясында өткен төрт бірдей іс-шараға – Жалпы саяси дебаттарға, БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне, COVID-19 пандемиясы жөніндегі жаһандық саммитке және Ядролық қаруды толық жою жолындағы Халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыстарға қатысты. 
 
Екі айдың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Франция, Беларусь, Өзбекстан, Сауд Арабиясы мемлекеттерінің президенттерімен және Еуропалық одақ басшысымен телефон арқылы сөйлесті. 
 
Сонымен қатар Қазақстан астанасы аса жоғары деңгейдегі шетелдік делегацияларды көп қабылдай бастады. Ресей Премьер-министрі, Швейцария, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан парламенттерінің спикерлері, Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрі, Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвестиция министрі, Башқұртстан Республикасының басшысы, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен шетелдік ірі компаниялардың өкілдері Қазақстан Президентінің қабылдауында болды. 
 
Жалпы тамыз-қыркүйек айларында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейдегі 10 саммит пен форумға, оның үшеуіне офлайн, жетеуіне онлайн режимде қатысты. 2 мемлекетке сапармен барды және 7 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті. Сонымен қатар 12 шетелдік делегацияны қабылдады.
 

Қазақстан барлық бағыт бойынша сыртқы саяси аренадағы ықпалдастығын нығайтып келеді деп айтуға болады. Халықаралық байланыстардың да географиясы кеңейе түсті. Қазіргі ахуал коронавирус пандемиясына дейінгі кезеңге қарағанда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы бүгінде арта түскенін көрсетеді. Әлемде жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер пайда болды. Көптеген аймақта, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерімен шекаралас өңірлерде жағдай шиеленісіп тұр. Экономикалық дағдарыс іс жүзінде барлық құрлықты қамтыды. Көптеген елдер арасындағы тауар айналымының деңгейі төмендеп, көлік-логистикалық байланыстар саласында қиындықтар туындады. Мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінсіз, әлемнің қалыпты өмірге оралуы екіталай. Пандемия салдарын еңсеру басты мәселелердің бірі болып қала беретіні сөзсіз. Саясаткерлер COVID-19 індетіне қарсы вакцина жасау және тасымалдау жөніндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылауда. Қазақстан Президенті осы өзекті проблемаға қатысты пікірін БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында, сондай-ақ басқа да көпжақты және екіжақты іс-шаралар барысында айтты. Пандемиядан кейінгі әлемдегі жағдайға қатысты мәселе жоғары деңгейдегі кездесулердің күн тәртібіне жиі қойыла бастады. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың жаңа формалары талқыланып жүр. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның, Ресейдің, Еуропа одағының басшыларымен келіссөздер кезінде цифрландыру және жаңа технологиялар салаларындағы нақты жобаларды іске асыруға мән берілді. Халықаралық ынтымақтастықтың барлық бағыт бойынша жандануы пандемиядан кейінгі кезеңдегі әлемнің қалыптасуына ықпал етуге тиіс. Сол кезде шекаралар ашылып, саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және халықаралық байланыстар жаңа деңгейге көтеріледі", - деді Уәли.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны