15.01.2021, 19:00 14783

Тоқаев аудан әкімдерін сайлауға көшу жоспарлары туралы мәлімдеді

"Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан, алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады. Алайда, мұнымен де шектеліп қалмауымыз керек".
Нұр-Сұлтан. 15 қаңтар. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Өз сөзінде ол саяси дамудың алдағы бағыттарын белгіледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Президент биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтетінін мәлімдеді.
 

Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан, алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады. Алайда, мұнымен де шектеліп қалмауымыз керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент осы жолғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан қаншалықты қызу өткенін атап өтті. Оның айтуынша, кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бұл партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер екенін, ортақ жұмысқа тиімді болар екенін айтты.
 

Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ, елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді", - деп есептейді Мемлекет басшысы.

 
Сонымен қатар, ол басты мақсатымыздың бірі – адам құқықтарын толық қорғау болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте, оның пікірінше, азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды.
 

Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан. Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне "бәріне қарсымын" деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!", - деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылған бастамалар – қазір күн тәртібінде тұрған ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың бір бөлігі ғана екенін атап өтті. Оның пікірінше, депутаттар бұл жұмысқа белсене қатысып, Үкіметпен сындарлы қарым-қатынас орнатуы қажет.
 

Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек. Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптың бірі. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу", - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны